20.05.2020, 16:13
Қараулар: 100
ТАНЫМАЛ АУЫЛ ӘРТІСІ – 70 ЖАСТА

ТАНЫМАЛ АУЫЛ ӘРТІСІ – 70 ЖАСТА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Өнер адамдары жайлы әңгіме қозғала қалса, оның шығармашылығына терең үңілетініміз рас. Бұл жолы Жалпақтал ауылындағы Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы халық театрында ұзақ жыл еңбек етіп, қарапайым театр актеры ретінде ауылдастарының жүрегіне жол салған Қайрат Туляшев ағамыздың еңбек жолына шолу жасамақшымыз. 

Қайрат Шыңғалиұлы Туляшев 1950 жылы 16 мамырда дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1968-1971 жылдары тракторист-шофер болып бастаған ол, 1971 жылы Жалпақтал (Фурманов) ауданының мәдениет бөліміне шоферлық жұмысқа орналасып, 1973 жылдан бастап Мәдениет үйінің үгіт бригадасы құрамында өнер көрсете жүріп, халық театрының тұрақты актерына айналады. Қайрат Шыңғалиұлының алғашқы сомдаған рөлі Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасындағы Есенбек бейнесі болатын. Одан кейінгі сомдаған рөлдері О. Бодықвтың «Қанжар мен домбыра» спектакліндегі Асан, «Қарақұм» трагедиясындағы Дәулетбай, Т. Ахтановтың «Күшік күйеу» пьесасындағы Қабанбай рөлдері актер ағамыздың өнердегі жарқын жолына шамшырақ болып жағыла білді. Ол сондай-ақ, Жалпақтал Мәдениет үйі жанынан құралған «Тамаша» ойын-сауық отауының да белді әртісі бола білді.
Өнер шыңдалып, жетіліп тұрмаса алға қарай дамымайды. Режиссер берген кейіпкердің рөлін шынайы сомдап, оны талғамы биік көрерменнің жүрегіне жеткізу актерлардан үлкен еңбекті талап етеді. Табиғи талантың болмаса бұл салада бағаланып кетуіңнің өзі екі талай. Осы қағиданы алдыңғы толқын ағаларынан ұғынған Қайрат ағамыз жыл өткен сайын театрдағы сахналық өнерін дамыта отырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
-Менің өнер ордасына сіңіп, ауылдастарыма танымал болуыма өнердегі ұстазым Мұхамбетжан (Көке) Ғұмаровтың еңбегі өте зор. Ол тек менің ғана емес, Жалпақталдағы өнер саңылағы атанған барлық әртістердің рухани әкесі. Сол кісінің арқасында Жалпақталдағы театр өнері қарыштап дамып, бүкіл Қазақстан еліне танымал болды-дейді кейіпкеріміз.
Осындай табиғи талантымен ел ықыласына бөленген Қайрат Шыңғалиұлы бүгін (16 мамыр) 70 жасқа толып отыр. Қанша жасасаң да «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп бағаланатын қазақ ұланына бұл жасты біздер ешқашан көп көрмейміз. Сондықтан өнер жолындағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ауылдастары арасында зор құрметке ие болған танымал тұлғаның 70 жасқа толған туған күні үстінде оның өнерін бағалайтын барлық жерлестері атынан жемісті жасымен қызу құттықтап, зейнеткерлік жаста немере-жиендердің күлкісімен көмкерілген берекелі өміріне зор денсаулық, мол бақыт, шаттық күлкі тілейміз.
Қазақ өнері алда да табиғи талантымен бағаланған осындай қарапайым тұлғаларымен толыға берсін! берсін!

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ