20.05.2020, 16:08
Қараулар: 257
ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН ӘЖІҒАЛИЕВТЕР ОТБАСЫ

ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН ӘЖІҒАЛИЕВТЕР ОТБАСЫ

Ауылда көпшілік жиындарда, дастарқан басында жинала қалғанда «пәленшенің отбасы қандай жарасымды, үлгі алуға болады» деген әңгімелерді жиі естіп қаламыз. Расында да ынтымағы жарасқан отбасын көргенде тәрбиелеп отырған ұл-қыздарына сүйсіне қараймыз. Бұндай отбасылар ауданымызда да аз емес. Сондай жандардың бірі — өмір жолы өнеге – Әжіғалиевтер отбасы. Отбасы күні мерекесіне орай бірлігі мен татулығы жарасқан Әжіғалиевтер жанұясына әдейілеп барып, шаттыққа толы шаңырақтың көрінісін көрдік.
Бүгінде отағасы Марат ағамыз бен жұбайы Гүлнұр апамыз 30 жылға жуық бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Үлгілі шаңырақ өзгелерге өнеге. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанды. Ұстаздықтың ұлы жолында айшықты еңбегімен дараланған Гүлнұр апамыз Казталов мектеп-лицейінің қосымша білім беру педагогі, Марат ағамыз Ақтау қаласында қызмет атқарады. Гұлнұр апамыз адал жар, аяулы ана, білікті ұстаз. Жасы 90-нан асқан енесін анасындай көретін инабатты келін. Бұндай жан-жақты төзімділік тек Гүлнұр апаға тән. Бақытты отбасының сыры неде? -деген сұрағыма, -татулықта және тәрбиелеп отырған балаларымның ата-анасының мақсатын түсінуінде, -деп күлімсіреп жауап берді.
Халқымызда баланы санамаған. Тіпті нешеу екенін де жасырған ырым бар. Тіл-көзден сақтасын деген болар. Гүлнұр апамыз бен Марат ағаның өсіріп, ер жеткізген ұлдары кең байтақ сайын даланың қожасы. Өмірде өз орындарын тауып, туған еліне адал қызмет етуде. Тұңғышы Мұрат өз алдына отау құрып, Қапшағай қаласында әскери қызметін атқарса, екінші ұлы Руслан Мәскеу қаласында мүсінші мамандығында оқып жатыр. Ержан батыры Орал қаласындағы «Ақжайық» футбол құрама командасының ойыншысы. Төртінші ұлы Бекзат Қапшағай қаласында аспаз мамандығын игеруде. Егіз екі ұлының бірі Нұрхан Орал қаласында, кенжесі Ерхан ата-анасының қасында.
Міне, Марат ағамыз бен Гүлнұр апамыз алтын асықтай ұлдарымен мақтанады. Мақтанса мақтанғандай!
Гүлнұр апамыз күнделікті жұмысынан тыс қоғамдық шараларға белсене қатысып, ауданның дамуына өз үлесін қосып келеді. Отағасы екеуінің тату-тәтті ғұмыры жастарға үлгі.

Әсем БОЛАТ