17.03.2020, 10:35
Қараулар: 185
САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ДАМУ ҮСТІНДЕ

САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ДАМУ ҮСТІНДЕ

Сот жүйесіне халықтың сотқа деген қолжетімділігі мен сенімін арттыруға ықпал ететін ақпараттық-электрондық технологиялар енгізіліп, бүгінде қарқынды түрде қызмет түрлерін көрсетіп жатыр. Бұл жаңашылдықтар сот өндірісін анағұрлым жеңілдетуге, сотқа қолжетімділік шеңберін кеңейтуге мол мүкіндік туғызды.

Сот өндірісіне электрондық-ақпараттық технологиялардың енгізілуіне тараптармен заманауи технологияларды кеңінен қолдану қарастырылған жаңа азаматтық процестік кодекстің қабылдануы құқықтық негіз тудырды.

Сот отырыстарын электронды қадағалап, сот процесінің хаттамасының толықтығын қамтитын дыбыс-бейне таспалар сот залдарында орнатылды. Дыбыс-бейне жүйесі сот отырыстарының уақтылы басталмауы тәрізді проблемалармен күресуге мүмкіндік туғызды.

«Сот кабинеті» электронды сервисі сот жүйесінде сәтті іске асырылуда.

«Сот кабинеті» ақпараттық сервисімен жүйеленген «ТӨРЕЛІК» атты сот органдарының автоматты ақпараттық жүйесі ақпараттық деректерге жедел қолжетімділікті, сенімділіктің жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді. Автоматтандырылған есепке алуды және бақылауды жүргізуге, статистикалық және талдау есептерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін аталмыш сервис сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті. Жүйе мемлекеттік органдардың деректер базасымен біріктірілген.

Сот кабинеті онлайн режимде талап арыз, жүгінулер, пікірлер, шағымдар, қарсы талаптар беруге мүмкіндік береді. Одан басқа, Интернет арқылы істің өтуін қашықтан қадағалауға болады. Осының барлығы үйден немесе кеңседен шықпастан жүзеге асырылады, сондай-ақ істің бүкіл тарихын қарап, сот актісін басып шығаруға және істің процессуалдық мерзімдерін де қарауға толық мүмкіншілік бар.

«Сот кабинеті» сервисінде онлайн-татуласудың жаңа функциясы енгізілді. Аталмыш қызмет көрсету түрі сотқа талап арыз беру кезінде сервис тұтынушыларының алдына автоматты түрде шығады. Бұл жаңа функционал азаматқа сотқа жүгінудің қажеттілігі туралы тағы бір рет ойлануға мүмкіндік береді және дауды медиация арқылы шешуге, әрі сот процестеріне кететін моральдық және материалдық шығынды үнемдеуге кеңес береді. Сонымен қатар, бүгінде соттарда сот процестерін бейнеконференцбайланысы арқылы өткізу мүмкіндіктері пайда болды, ол істерді қарау уақыттарын қысқартуға, сот процесі қатысушыларының сотқа баруға және келуге байланысты жұмсалған уақыттары мен қаражаттарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл функционал арқылы сот орналасқан жерден алыс жерде тұрып жатқан, медициналық көрсеткішіне сәйкес дене қозғалысы шектеулі адамдардың, бас бостандықтарынан айыру орындарындағы немесе күзет қойылған адамдардың сот отырысына қатысу проблемасы шешілді. Бұл бағыттағы жұмыс сотталғандарды сотқа жеткізуге және кері қайтаруға, олардың қашу, жаңа қылмыстар жасау қауіптері төмендетіп қана қоймай, сот құрамының және процесс қатысушыларының қауіпсіздіктері қамтамасыз етуге ықпал етті.

Инновациялық технологияларды қолдану соттар жұмысының тиімділігін арттырды. Соттар ашық әрі қолжетімді бола түсті. Яғни, заманауи технологиялардың сот саласында қолданылуы сот ісін жүргізуді жеңілдетті, бюрократтық кедергілерді жойып, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей қарым-қатынастарын азайтты, ол сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын сұрақтардың туындамауына септігін тигізді. Елбасының сот жүйесінің алдына қойған тапсырмаларының кезең-кезеңмен орындалуы дамыған елдермен бәсекеге қабілеттігін арттырады, сондай-ақ, ең басты міндет – халықтың мемлекет пен сотқа деген сенімін арттыруға мол мүмкіндік береді.

Руслан ҚАЖЕНОВ,

Казталов аудандық сотының

кеңсе меңгерушісі

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар