17.03.2020, 9:59
Қараулар: 165
ТУБЕРКУЛЕЗ — ҚАУІПТІ ДЕРТ

ТУБЕРКУЛЕЗ — ҚАУІПТІ ДЕРТ

Туберкулез – адамның денсаулығына біршама нұқсан келтіретін, әлемде көптеп таралған жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жыл сайын шамамен 9 млн. жуық адам туберкулезге шалдығып, 2 млн. адам осы аурудан көз жұмады екен.

Қазіргі күні аудан бойынша туберкулездің эпидемиологиялық көрсеткіштері бірқалыпты. Туберкулез ауруын анықтау бактериоскопиялық диагностикаға, рентген-флюорографиялық тексеруге негізделген. Емханада қақырықты микроскопиялайтын бинокулярлы микроскоптармен жабдықталған зертхана бар. Туберкулез бактериялары ауа-шаң және ауа-тамшылы жолмен жұғады. Олар туберкулезге шалдыққан ауырған науқастардың өкпесінде өсіп таралады. Осыдан клеткалар тобының қабынуы, одан кейін бұзылуы басталады, өкпенің ыдырауы, атап айтсақ миллион бактерия орналасатын тесік пайда болады. Солардың ішінен туберкулез бактериялары жөтелу, түшкіру, әңгімелесу кезінде қоршаған ортаға бөлінеді. Ал егер туберкулез ауруының бациллалық (жұқпалы) түрімен ауыратын науқас ұзақ уақыт бойы дұрыс желдетілмейтін ғимаратта болса, ауаға таралған бактерияларды сол жерде жүрген басқа адамдар жұтады. Бұл туберкулездің ауа-тамшылары арқылы жұғатын басты жолы. Аурудың негізгі белгілері: 2 аптадан аса жөтелу,тәбеттің жоғалуы, арықтау, түнгі тершеңдік,дене қызуының көтерілуі,жалпы әлсіздік, шаршау, қан аралас қақырық тастау. Осы белгілердің бірі білінген кезде, дереу дәрігерге барып тексерілген жөн.

Ауырмау үшін аса қажетті ұстанымдар:

Саламатты өмір салтын ұстану бұл — ет пен сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді жеткілікті мөлшерде қолдану қажет. Жыл сайын өкпені флюорографиялық тексеруден өткізу қажет. Жеке тазалық тәртібін сақтау: таза суды пайдаланып қолды, ыдыстарды жуу, жеке ыдыс қолданып, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды бүркеу. Таза ауада жиі болып, табиғат аясына барып демалыс жасау. Үй-жайды мезгіл-мезгіл желдетіп , ылғалдап сүртіп, тазалап отыру.

Туберкулез емделеді, өйткені туберкулез микробактериясына қарсы әсер ететін дәрі бар. Туберкулез неғұрлым ерте анықталса-емдеу нәтижесі де соғұрлым сәтті болады. Туберкулезді тоқтату өз қолыңда!

А.АСҚАР

аудандық тауарлар мен көрсетілетін

қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау

басқармасының бас маманы