10.03.2020, 18:04
Қараулар: 70
Мемлекеттік тілдің мәртебесін және деңгейін көтеру

Мемлекеттік тілдің мәртебесін және деңгейін көтеру

Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан Республикасын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» — деп айтқандай, мемлекеттік тілді дамытуда, қоғамдық ортада әлеуметтік қолдану аясын кеңейтуде біраз шаралар жүзеге асырылуда.

Бұл мәселе – «Ұлт реформасына 100 қадам» стратегиясының да негізгі басымдықтарының бірі. Осы стратегиялық реформа бойынша қоғамның қозғаушы күші болып саналатын мемлекеттік органдар қызметшілеріне төмендегі айқын міндеттер жүктеледі: мемлекеттік тілді жетік меңгеру, мекемелердегі іс қағаздарының тілдік нормаға сай жазылуын қамтамасыз ету; мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосу, оны қызмет барысында іспен дәлелдеу; тілдік ортаны қалыптастыру; мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту т.б. Қазақстан тәуелсіз мемлекет орнатудың Қазақстандық тәжірибесі арқылы әлемге тіл мен ділді, ұлттық дәстүрлерді сақтау, ұлт мәдениетін танудың үлгісін көрсетті, сондықтан, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру ұлттық рухымыз бен ұлттық намысымызға сын.

Тілдің мерейін көтеруге зиялы қауым, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер жауапты. Туған елімізді дамытуда әрбір мемлекеттік орган қызметкері өз ісімен, сөзімен жеке үлгі көрсетуі тиіс болса, ал ресми шаралардың барлығы мемлекеттік тілде жүргізіліп, тілге деген қызығушылықты арттыруға қоғамның өзі мүдделі болуы шарт. Мемлекеттік мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері, яғни іс қағаздар стиліндегі бірізділік жүйесіне аса зор мән беру арқылы ерекше қатынас жасау құралы – ресми құжаттарды бір арнаға түсіре аламыз. Өйткені, бұл стиль ел билеу, мемлекет жұмыстарын жүргізудің басты құралы. Сондай-ақ, әкімшілік терминдерді қолдану, мемлекеттік құжаттарды мазмұн жағынан, жанрлық тұрғыдан реттеу, ойдың логикалық жүйелілігін сақтау, саяси-публицистикалық сипаттағы, күрделі терминдермен талапқа сай жұмыс жасай білу – міне, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар. Ең бастысы мемлекеттік орындарда құжаттар дайындауда мемлекет дайындаған арнаулы нұсқау басшылыққа алынуы тиіс. Сонымен қатар әрбір мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы болғандықтан, өз қызметінде Қазақстан Республикасындағы «Тілдерді қолдану мен дамытудың құқықтық негіздерін» басшылыққа алуы міндетті, себебі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру әр азаматтың міндеті. Қазақстан мемлекетін айқындайтын негізгі фактор – қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік қызметшіге қойылатын міндеттердің бірі – көпшілік алдында сөйлеу барысында, қызмет бабында қазақ тіліне басымдық беру.

Біз – ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Сондықтан, қазақ тілі әр адамның ар-ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген сөзін әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің жағдайы дәл қазіргі қалпынан әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген, елдің тарихын, салтын, дәстүрін жақсы білетін, Қазақстанды Отаным деп санайтын азамат, шыққан тегі қай ұлт екеніне қарамастан, кез келген лауазымды қызметке көтеріле алады. Сондықтан, мемлекеттік тілді өз дәрежесінде меңгеру әр қазақстандық үшін Конституциялық міндет.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік… біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Олай болса, басты мақсат – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тіл мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу» – деп атап көрсеткені әрқайсымыздың күнделікті жұмысымыздың асыл арқауына айналуы керек.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғарғы Сотта «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбы бойынша бейнебайланыс арқылы республикалық деңгейде өткен кеңесте «Республика халқының 70%-ы қазақ тілді азаматтар. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде. Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет» деген еді. Бүгінгі таңда сот жүйесінде 100 пайыз мемлекеттік тілге көшуге кедергі болып отырғаны талап-арыздар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер сотқа, қай тілде рәсімделіп, келіп түссе, сотта сол тілде қаралады. Оның бірден-бір себебі, заң кеңесшілері мен адвокаттар азаматтық істер бойынша орыс тілін жетік білмейтін немесе ойын жеткізе алмайтын қазақ азаматтарының сотқа талап арыздарын орыс тілінде дайындайды.

2019 жылы аудандық сотта қаралған 40 қылмыстық істің барлығы да мемлекеттік тілде; 299 әкімшілік істің 292-і, яғни 98%-ы мемлекеттік тілде қаралды. Алайда, 121 азаматтық істердің 101-і, яғни тек 83,4%-ы, мемлекеттік тілде қаралған, бұл көп жағдайда адвокаттардың, кейбір банктердің, олардың өкілдерінің талап қоюшыларға талап арызды өздеріне ыңғайлы орыс тілінде жазып беретіні және сот орындаушылардың кейбір атқарушылық іс құжаттарын дайындау барысында орыс тілін қолданулары болып табылады.

Тіл — адам баласының ғана емес, ұлттың, халықтың, қоғамның болмысын көрсететін құбылыс.

Адамзаттық құндылықтар қатарында тіл ғылымнан да, мәдениет пен өнерден де бұрын аталады. Ғылым да, мәдениет те, өнер де, материалдық игіліктер де, саясатта тілдің қатысуымен жасалады.

Тілдің адамның жан-дүниесіне өлшеусіз әсер ете алатын құдіреті саяси тетік ретінде ертеден-ақ пайдаланған.

Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, оны сапалы түрде дамыту – уақыт талабы. Ал уақыт талабына сай болу — әрбір азаматтың борышы.

А.БИСЕНОВА,

Казталов ауданының №2 аудандық сотының кеңсе меңгерушісі