10.03.2020, 17:31
Қараулар: 211
ҚЫЗМЕТІМЕН ҚҰРМЕТТІ

ҚЫЗМЕТІМЕН ҚҰРМЕТТІ

Ер азаматтардың өзі жүрексіне атқаратын шаруаны бұрымдылардың бұйым құрлы көрмей тындыра қоятыны бар. Қазақ қызының ерге бергісіз қабілетіне, талайды тамсандырған қасиетіне қалайша таңданбайсың. Бүгінде әскери қызметтегі нәзік жандылар сұлулықты, әсемдікті күш пен батылдықты шебер ұштастыра отырып, ерлермен иық теңестіре қызметтің ауыртпалығын арқалап жүр. Олар күрделі қызметте жүріп, отбасылық жылулықты сақтап, бала тәрбиесімен айналысуға да уақыт табады. Сондай жанның бірі — аудандық қорғаныс істері бөлімінің инспекторы Айгерім Хасанова.
Кейіпкеріміз бұл салада тапжылмай 34 жыл қызмет етіп, әріптестері арасында адал еңбегімен көзге түсіп жүр.
-Бала кезімнен әскери қызметші болуды армандайтынмын. Балаң қиял мені адастырмай, тура жолға жетеледі. Біздің кезімізде әскери оқуға түсу қазіргідей болмады. Оқуға түсе алмасам да мойымай, осы салада тер төгіп келемін. Жұмыс барысында түрлі оқиғалар орын алып жатады. Негізгі қызметім — әскери борышын өтеуге аттанатындарға, өтеп келгендерге әскери билет беру. Денсаулығына байланысты әскер қатарына жарамсыздарға да билет беріп, оларды тіркеп, есепке алу, басқа жерге қоныс аударғандарды есептен шығару. Айтулы мереке қарсаңында қорғаныс саласында өзіммен бірге қызмет етіп келе жатқан әріптестерімді және барша нәзік жандыларды төл мерекелерімен құттықтаймын, -деп тілегін арнады.
Жаны нәзік болғанымен, темірдей тәртіпке бағынуды жөн санаған апамыз азаматына серік болып, шаңыраққа жылу сыйлаудан шаршаған емес. Маңайындағы өзінен жасы кіші әріптестеріне де білген кеңесін айтудан жалықпайды. Өзінің жауапкершілігі мен мейірімділігінің арқасында тек әйелдердің ортасында ғана емес, ерлер қауымының алдында да үлкен беделге ие. Бұның өзі қызметіне деген адалдықты аңғартады.
Иә, әрбір әйел заты туралы том-том кітіп жазылса да артық етпес. Қай жерде, қай мамандықта болмасын әйел адамдардың орны ерекше. Әр алыптың артында аналардың тұратыны әу бастан белгілі. Үй табалдырығын аттаған сәтінен бастап ұлдарының сүйікті анасы Амангелді аға екеуі үш батырынан немере сүйген берекелі отбасы.
Айгерім Хасанованың әскери қорғаныс қабілеттілігін нығайту жолындағы қызметіне табыс тілеп, еңбегіңіз еселене берсін демекпіз.

Әсем БОЛАТ