10.03.2020, 17:29
Қараулар: 80
НӘЗІКЖАНДЫ САҚШЫ

НӘЗІКЖАНДЫ САҚШЫ

Атқарып жүрген күнделікті еңбегі арқылы ерекше құрметке бөленіп жүретін мамандық иелері болады. Олардың қатарында нәзік жанды қыздардың да кездесетіні сөзімізді айғақтай алады. Қанша жерден жұмсартып, қанша жерден сұлулап, әспеттесек те әйел адамдардың көптеген қиын кәсіптерді еркін меңгеріп жүргенін көзіміз көріп жүр. Олардың қолынан келмейтин кәсіп жоқ десе де болады. Азаматтардың құқығын қорғаушы, қылмыскерді құрықтаушы полицей дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық. Алайда бұл әйелдер тәртіп сақшысы бола алмайды деген сөз емес. Себебі елімізде он екі мыңнан астам нәзік жанды заңның тұтастығын күзетіп, аталған мамандық бойынша жұмыс істейді.
Осындай жандардың қатарында шкі істер саласында 2009 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан полиция майоры Балауса Қаженова да бар. Ол бүгінде аудандық Жалпақтал полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Балаусаның атқарар күнделікті қызметі ауылдастарының көз алдында. Ел тыныштығы жолында уақытпен санаспай, ауыл тұрмысының тәртібін қадағалайтын оның еңбегі ескерусіз қалған емес. Осының сыртында Балауса үшін аса жауапты отбасы, бала тәрбиесі сияқты үйдегі міндеттер тағы бар. Бүгінде әріптестері арасында мамандығын еркін меңгерген Балаусаның шоқтығы биік. Берекелі отбасы қасында. Ата-анасымен бірге тұратын олар өмірлік жолдасы Оралбек Зұлқарнайұлы екеуі Әділет, Әділсұлтан, Әділжан атты үш баланы тәрбиелеп, ел қатарлы өмір көшін жалғап келеді. Қарапайым өмірде әйел адамдар сирек меңгеретін мамандықты таңдаған Балаусаны төл мерекесімен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ