10.03.2020, 17:27
Қараулар: 173
ҚАЙСАР АРУ

ҚАЙСАР АРУ

Кейіпкеріміз құқық қорғау саласында жемісті еңбек етіп жүрген Ақбота Сисенова. Аға сержант шеніндегі Ақбота Садыққызы Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған күзет қызметінің Казталов аудандық взвод полицейі. Осы салада 2014 жылдан бері қызметте жүрген Ақбота аудан орталығындағы стратегиялық маңызы бар объектілерді күзетеді. Аудандық сот ғимаратын күзету үшін кезекті ауысымына түскен сақшының қызмет орнына барып, әңгімелескен болатынбыз.
— Арулар нәзік жаратылыс екеніне таласым жоқ. Әлия, Мәншүк секілді батыр апаларымыз ел басына күн туғанда ерлермен бірдей қолына қару алып, жауға қарсы шайқасты. Олардың ержүректігі бүгінгі ұрпаққа жетіп, қазақ елі батыл қыздарымен мақтанады. Менің де құқық қорғау және заң саласында қызмет атқару кішкене кезімдегі арманым болатын. Әскери киім киіп, сыптай түзу болып елімізге қызмет жасаған алдыңғы толқын апаларымызды көргенде: «Осылай қашан жүрер екенмін?» деген ой мазалайтын. Отбасымда бұл салада қызмет жасаған адам болмаса да мектеп бітіргеннен кейін заңгер мамандығын таңдадым. Облыс орталығындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, 2014 жылы Ақтөбедегі заң институтында 3 ай даярлық курстан өттім. Еңбек жолымды күзет қызметінде өзімнің туған ауылым Жалпақталда бастадым. Әрине, басында ата-анам мен туған-туыстарым бұл мамандықты таңдауыма қарсы болды. Бірақ мен өз шешімімді өзгертпедім. 1 жылдан кейін тұрмыс құрдым. Жолдасым Нұрлыбек аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінде қызметте. Отбасымызда 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз, — дейді Ақбота. Ашық-жарқын әңгіме барысында Ақбота болашақта аудандық ішкі істер бөліміне ауысқысы келетінін де жасырмады. Ер азаматтармен қатар иық тірестіріп жүрген кейіпкеріміздің қайсарлығы мен табандылығына риза болдық.
Иә, полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін қиын сала. Дегенмен, қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Ақботадай сақшы қыздарымызға сүйсіне қарайтынымыз рас.

Қайрат ЖАҚЫП