25.02.2020, 10:43
Қараулар: 265
САРЫПТАН САҚТАНАЙЫҚ

САРЫПТАН САҚТАНАЙЫҚ

Бруцеллез (Сарып) – бұл Brucella туысына жататын бактериялармен шақырылатын жұқпалы ауру. Бруцеллезге барлық үй жануарлары шалдығады, соның ішінде қойлар, ешкілер, ірі қара мал, шошқалар мен иттер де ауырады. Сау мал ауру малмен бірге ұстаған кезде жұқтырады. Бруцеллезге шалдыққан малда жиі кездесетін белгілері: мал түсік тастайды, төлі өлі туады немесе қысыр қалады.

Бруцеллез адамдарға қалай жұғады?

Ауру мал түсік тасағанда, төлдеу кезінде адамдарға өте қауіпті болады, өйткені бұл кезде малдың сүті, нәжісі арқылы сыртқы ортаға бруцеллез тудыратын микробтар көптеп шығады. Осылармен қатар малдың терісі, жүні, тезегі, мал-қораның маңайы, ондағы құрал-саймандар, топырақ ластанады. Ауру қоздырғыштар ұзақ уақыт (6 айға дейін) сыртқы ортада сақталады және адамдарға жұғу қаупі жоғарылайды.

Адамдар мал-қораны тазалау, малды күтіп-баптау, малды тудырып алу кезінде алғашқы көмек жасағанда жұқтырып алуы мүмкін. Сондай ақ, ауру малдың сүті мен сол сүттен дайындалған термиялық өңделмеген тағамдарды тұтыну кезінде жұқтырады. Балалар мал төлдеу уақытында қозы-лақтармен ойнау арқылы, бруцеллезбен зақымдаған малдың жүнімен жұқтыруы әбден ықтимал. Ауру қоздырғышы ағзаға ауыз қуысы арқылы, қолдағы жарақат немесе шырышты қабатқа өту арқылы келеді.

Бруцеллездің белгілері

Адамдарда бруцеллездің алғашқы белгілері зақымдағаннан кейін 1-2 аптада, кейде 1 айдан кейін біліне бастайды. Көп жағдайда дене қызуы көтеріледі (39-40 С°), қалтырау байқалады. Улану белгілері: бас ауруы, ұйқының қашуы, тәбеттің болмауы, түн мезгілінде қатты тершеңдік, әлсіздіктің болуы. Бірнеше күннен кейін буындарда атап айтқанда, тізе, иық, кей жағдайда шынтақ буындары ісіне бастайды. Пішіні өзгеріп, ісіну байқалып, жұмсақ тіндер қабынады. Бауыр мен өт үлкейеді. Науқастың дене салмағы азаяды.

Ауруға шалдыққан адам дер кезінде дәрігерге көрініп, ем қабылдаған жағдайда, науқасынан айығады. Ауру асқынған кезде жүйке жүйесі зақымданып, тірек-қимыл және қан-тамыр жүйесінің қызметі бұзылады.

Бруцеллезден сақтану жолдары.

Бруцеллез ауруынан адамдарды қорғау үшін ең алдымен үй жануарларының бруцеллезбен ауруына жол бермеу қажет. Мал түсік тастағанда міндетті түрде ветеринарлық дәрігерге хабарлап, ауру малды тез арада бөлек орынға орналастыру керек. Өлген төлдің қалдықтарын мұқият жинап, арнайы мамандардың келуін күту қажет. Өлексені иттерге беруге болмайды. Жаңадан туылған төлді үйге кіргізбеген жөн, бруцеллез микробын енгізу қаупі бар. Үй жануарларына қарайтын адам арнайы киім, етік, қолына қолғап кию керек.Үйге сырт киіммен кіруге тиым салынады. Үй жануарлары тұратын қорада тамақ ішуге, темекі шегуге және демалу орны ретінде қолдануға болмайды. Бруцеллез малының етін мұқият қайнату немесе әбден қуырған соң пайдалған дұрыс. Мал сатып аларда ветеринарлық дәрігерден арнайы анықтамасын талап ету қажет. Көше бойында, арнайы емес орындарда сатып тұрған сүт және сүт өнімдерін, ет сатып алуға болмайды. Мал өнімдерінің сапасына кепілдігі бар, ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өткен арнайы сауда орындарынан алған жөн.

Сапалы азық – денсаулық кепілі екенін есте ұстайық!

Айсұлу АСҚАР,

 аудандық тауарлар мен көрсетілетін

қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін

бақылау бақармасының бас маманы