25.02.2020, 10:38
Қараулар: 186
ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІН ЗАҚЫМДАЙТЫН ИНФЕКЦИЯ

ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІН ЗАҚЫМДАЙТЫН ИНФЕКЦИЯ

Құтыру ауруы – жүйке жүйесін қатты зақымдайтын аса қауіпті вирусты   инфекция. Бұл дерт адамдарға құтырған жан-жануарлар тісін батырғанда, тырнағанда немесе басқалай терісінің зақымданған жеріне олардың сілекейі жұққанда пайда болып, қозуы мүмкін. Құтырған  жануарлардың сілекейі ауру белгісі білінбестен, бірнеше күн бұрын-ақ жұқпалы болады. Құтыру ауруы адамдарға көбінесе үй хайуанаттарынан – иттерден, мысықтардан (сирек кездеседі), сондай-ақ жыртқыш аңдардан (қасқыр, түлкі т.б.) тарайды. Ауырған ит тынышсызданады, тамақ жемейді, одан кейін су көрсе үрейленіп, абалай бастайды, үргенде даусы қарлығып шығады, аузынан сілекейі шұбырады. Адамдар инкубациялық (жасырын) кезең өткеннен кейін ауыра бастайды, ол жарақаттың ауыр – жеңілдігіне қарай орташа 10 күннен 1 жылға дейін, көбінесе 1-3 айға созылады: адам еліріп, тыныс алысы бұзылады, жұтынуы қиындайды, аяқ-қолының жаны кетеді. Құтырған жануардан зақым алған адамды сақтандырудың жалғыз жолы – екпе егу болып табылады. Сондықтан ондай жағдайда дереу дәрігерге көріну керек.
Құтырудың алдын алу мақсатында жануар тістегенінен , тырнағанынан немесе сілекейімен зақымдалған кісілердің барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша травмотологиялық пунктте медициналық көмек сұрауы керек. Тістеген жарақатты ағынды сумен және сабынмен жуу  керек.
Әрбір адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі құтыруға қарсы екпе комплексін өткізу екенін білу қажет. Медициналық тәжірибеде іс жүзінде асқынуды туғызбайтын және жоғары дәрежелі иммунитетті қалыптастыратын құтыруға қарсы вакцина қолданылады. Құтыруға қарсы вакцина БДСҰ куәландырылған және екпе тегін өткізіледі. Құтыруды шұғыл алдын алу кезінде вакцинация курсының аяқталуынан кейін ең азы 6 ай бойы алкоголь қолдануға, ауыр дене еңбегімен айналысуға, қатты тоңуға болмайды. Бұл ережелерді сақтамау  иммунды жүйенің қызметін бұзады,  құтырудың дамуына және өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.
Осы сақтық шараларын сақтау  адам өмірін өлімнен сақтап қалады.
Жүйелі түрде өткізілген құтыруға қарсы екпелер құтырумен ауырып қалудан алдын ала сақтандыратынын есте ұстаңыз!!!
Сіздің денсаулығыңыз сіздің қолыңызда!

 

Айсұлу АСҚАР,

аудандық тауарлар мен

көрсетілетін қызметтердің сапасы

мен қауіпсіздігін бақылау

басқармасының бас маманы