25.02.2020, 9:30
Қараулар: 115
ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАМА ТАРАТЫЛДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАМА ТАРАТЫЛДЫ

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың тәртіптеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Онда аз қамтылған отбасы балаларын кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету қарастырылған.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1032 «Кепілдік берілген әлеуметтік топтамын шеңберінде ұсынылатын көмектің түрлері мен көлемдерін айқындау туралы» және 2020 жылғы 30 қаңтарындағы №22 «Азаматтарды кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету шеңберінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сатып алынатын тұлғаларды айқындау туралы» қаулылары қабылданды.

Заңнамалық актілер негізінде кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде ұсынылатын көмектің түрлері мен көлемдері айқындалған.

Атап айтқанда, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия тауарлары №1, №2, №3 әлеуметтік топтамалар бойынша берілуде.

№1 азық-түлік тауарларының топтамасы – 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған, 7 өнім түрін қамтиды (ай сайын)

№2 азық-түлік тауарларының топтамасы – 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған, 12 өнім түрін қамтиды (ай сайын)

№3 тұрмыстық химия тауарларының топтамасы – 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған, 7 өнім түрін қамтиды (тоқсан сайын).

Сонымен қатар, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақпен қамтылатын болады. Оларға мектеп формасы мен оқу құралдары (оқу жылына бір реттен) беріледі.

Бүгінде аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 422 отбасы (2209 адам) қамтылып отыр. Соның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны – 1184, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар саны – 154, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар – 241 адамды құрайды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларын кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету шеңберінде тауарлар және көрсетілген қызметтерді сатып алатын тұлғалар ретінде үкімет қаулысымен ауданымыз бойынша 15 жеке кәсіпкер бекітілді. Комиссия шешімі бойынша ең төмен бағаға өнім жеткізуші «Альбина» жеке кәсіпкерлігіне (жетекшісі – Альбина Сәрсенғалиева) аудан аумағындағы аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтамалармен қамту ұсынылды.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – ол тұрмысы төмен, аз қамтылған азаматтардың кедейшілік шегінен шығып кету үшін жасалып жатқан шара. Сондықтан да, мемлекет тарапынан халықтың осал топтарына көрсетіліп отырған осындай әлеуметтік қолдауды тиімді пайдаланғанымыз жөн.

Диана БАҚСЫҚ