18.02.2020, 10:12
Қараулар: 70
ЖҮЛДЕ САРАПҚА САЛЫНДЫ

ЖҮЛДЕ САРАПҚА САЛЫНДЫ

15 ақпан күні Жалпақтал ауылында спорттың волейбол, баскетбол, теннис түрлерімен ұзақ жыл шұғылданып, ардагер спортшы атанған Нұржан Сәрсенғалиұлы Темірхановтың 70 жасқа толу құрметіне орай ересектер арасында волейболдан аудандық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Жақсыбаева, ардагерлер ұйымы атынан Қадырболат Жұбашев, құрдас-достары атынан спорт ардагері Меңдеш Бакманов қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Ақпәтер, Жаңажол, Көктерек, Казталов, Қараөзен, Жалпақтал және жалпықталдық жастар командасы мен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командалары қатысты. Тартысты өткен жарыс нәтижесінде Ақпәтер ауылының командасы ІІІ орынды, Жалпақтал командасы ІІ орынды иеленсе, бәсекелестерінен оза шапқан аудандық балалар-жасөпірімдер спорт мектебінің командасы І орынды жеңіп алды. Марат Ғазизов (Көктерек) «Үздік тосқауылшы», Абзал Сапарғали (Ақпәтер) «Үздік байланыстырушы», Амангелді Батыргереев (Жалпақтал) «Үздік шабуылшы» атанды.
Жарыс барысында допты нысанаға дәлдеп лақтыру сайысынан І орынды Айбек Мырзахметов (Ақпәтер), ІІ орынды Орақ Хабибуллин (Көктерек) иеленсе, ІІІ орынға С.Қуаныш (Көктерек) табан тіреді.

Жарыс соңында Нұржан Сәрсенғалиұлы жарысты ұйымдастырған барлық ауылдастары мен спортшыларға отбасы атынан шынайы алғысын білдірді.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ