18.02.2020, 10:09
Қараулар: 94
ҚОСӨЗЕН ЖАСТАРЫ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

ҚОСӨЗЕН ЖАСТАРЫ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

Қосөзен елі тұнған өнер ордасы, талай таланттар туған киелі топырақ. Жазира даланы жайлаған жайсаңдардың, мұрат жолында тер төккен тектілердің ізі жатыр бұл далада. Иә, қасиетті өлке дарынды ұл-қыздарына кенде болған жоқ. Әнші де бар, биші де бар, ақын да бар, ғалым да бар. Бәрі де бар…
Осындай өнерлі алдыңғы толқын аға-апаларының ізін жалғаған өскелең ұрпақ бүгінде аудан атын асқақтатып жүр. Былайша айтқанда туған жердің мерейін асырып, тағы бір өнердің шыңынан көрінді. Ауданымызда алғаш рет «Қосөзен жастары» КТА командасы құрылып, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы көңілді тапқырлар бәсекесінде өнерлерін паш етті. Ойы жүйрік, қалжыңы мен тапқырлығы қалтасында жүретін 130-ға жуық әзілкештер командасынан қосөзендік жастар телевединиялық эфирге және мектеп лигасына жолдама алды (Жерлестердің өнерін наурыз айында «QAZAQSTAN” ұлттық телеарнасынан тамашалайтын боласыздар).
«Nomad city hall” сахнасында астарлы әзілдері мен ұтымды ой астасып, көрермен қауымды күлкіге көмген «Қосөзен жастары» командасының бұл жетістігі біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш.
Аудан атын республикаға танытқан әзілқойларға қолдау көрсеткен «Казталов жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқағали Шоқпановтың еңбегі ересен.
Өзара бірлік пен ынтымақтың нәтижесінде туған жер төсі тағы бір өнер түріне еселенді. Қуанышымыз ұзағынан сүйіндіріп, туған өлке топырағынан таланттар дари берсін!
«Бишілер елі» деп танылған Қосөзенге «әзілқойлар елі» деген атау да артық етпейтін тәрізді.

Әсем БОЛАТ