18.02.2020, 9:29
Қараулар: 59
ЗІЛТЕМІРШІЛЕР СЕНІМДІ АҚТАДЫ

ЗІЛТЕМІРШІЛЕР СЕНІМДІ АҚТАДЫ

13-14 ақпан күндері аралығында Орал қаласында 2004 жылы және одан кіші туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан ашық біріншілік өтті. Жарысқа аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қатысып, бақтарын сынады.
Дүбірлі дода нәтижесінде спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының оқушылары 59 келі салмақта айымгүл Елемесова І орын, 64 келіде Гүлсезім Алғазиева І орынды жеңіп алса, 33 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Бекешаев І орынды иеленді. Ал аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары +75 келіде Жәңгір Серікқали ІІ орынды иеленсе, осы салмақта Мұхаммед Жасбуын ІІI орынға табан тіреді.
Екі бірдей нәзік жандылардың ауыр атлетика спортындағы жетістіктеріне зор үлес қосқан алғашқы бапкері, аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Айдын Елемесовтің еңбегі ұшан-теңіз.Тіпті, Айдын Елемесовті өз ісінің нағыз шебері десек артық айтқандық емес. 20 жылдың үстінде бір салада үздіксіз қызмет етіп, шәкірт даярлап жүрген мықты ұстазды шәкірттері мақтан тұтады. Осындай білікті жаттықтырушылар барда аудан, қала берді ел намысын қорғайтын талай жастың топ жаратынына сеніміміз мол.

Әсем БОЛАТ