18.02.2020, 9:26
Қараулар: 83
«ҚАЛАУЛЫМНЫҢ» ҚАЛАҒАНЫ ҚЫРҚЫСТЫРУ МА?

«ҚАЛАУЛЫМНЫҢ» ҚАЛАҒАНЫ ҚЫРҚЫСТЫРУ МА?

Жуырда бір мәлімет естідім. Бір тайпада ма, әлде халықта ма үйленуге бірінші болып әйел адам ер адамға ұсыныс білдіреді екен. Сондай-ақ ер адамдарды әйелдері асырайтын көрінеді. Бұл сол халықтың ата-бабаларынан қалған салт болар. Қызығын-ай… Бүгінгі күнде жаһандану салдарынан елімізге де тосын әдеттердің кіруі жиілеп бара жатыр. Тіпті, телеарналарда сондай бағыттарды насихаттайтын шоу бағдарламалардан көзіміз сүрінеді. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін теледидардан өздері сүйіп қарайтын бағдарламаларын телміріп күтіп отыратындары анық. Бірақ, қазір телехабарлардың тақырыбы тарылып, тұшымды сөздері азайды. Экранда көрсетілетін киноларды былай қойғанда, бағдарламалардың өзі мәнсіз болып барады. Иә, рухани жаңғырамыз деп жүргенде, адами құлдырауға тап болғандаймыз. Сананы улаған, қазіргінің сәніне айналған «Қалаулым» бағдарламасы көпшіліктің назарын өзіне аударғандай. Мұнда жастар танымал болу үшін ғана келеді. Бұлай танымал болуға құмартпаған жөн. Телеарнаға шығып, құр сөзді сапырып танымал болуға ұмтылудың түкте пайдасы жоқ. Бұл тақырыпты неге қозғадық? Алаш деп ұрандатып, арқа көтере аруақтанған батырдың ұрпақтары, ел алдында егіле жас төккенде, көк экраннан беріде отырсақ та, ішіне кіріп кетердей ашуға мінетініміз бар. Ертенің жігіттері елдің намысы үшін күрессе, қазіргінің жігіттері бағдарламада отырып, бос сөзбен шыр-пыр болуда. Алаштың атын шығарамын дейтіндер, аламанға түсіп орда бұзатын еді ғой. Ал жаңа заманның ұл-қыздарынан не үміт, не қайыр…?! Шындығында, аталмыш бағдарламаның ешқандай тәрбиелік мәні жоқ. Мұндай арзан дүниені көріп, уақытты текке жоғалтпай, пайдалы нәрсемен айналысқанымыз жөн болар еді. Бір өкініштісі, қанша жерден қарсылық болса да көпшіліктің сынына ұшыраған «Қалаулым» әлі эфирден көрсетіліп келеді. Қазақы салт-дәстүріміз бен қанымызға біткен тектілік тәлім-тәрбиесін сақтап қалу осыншалықты қиын болғаны ма? Бүгінде жастардың сана сезімін улаған«Қалаулым» бағдарламасы қазақтың қара домалақ балалары мен қылықты қыздарын басқа бағытқа бұрып жатқандай. Ел алдына шығып қылықтарын көрсетіп, «жар» іздеймін дейтіндер де, көптің көзінше қыздардың намысын таптап, тағдырларын талқыға салып жүрген жігітсымақтарда бағдарлама төрінен табылады. Өз-өзіне жарнама жасап, кім көрінгенмен қол ұстасып, тағдырым егіз деп қате пікірде болып, болашақтарын құртып жатқандар қаншама? Ертеңгі өміріне қандай қауіп, қандай ауыр сызат түсіп жатқандығын ұғынып жатқан ешкім жоқ. Бұрынғы заман бөлек, қазіргі заман тынысы мүлдем басқа. Қазақ қызы бұндай бағдарламаға қатыспақ тұрмақ, орынсыз күлмеген, ешкімнің сөзін бөлмеген, ер адамға тік қарамаған, олар ұяң да инабатты, сыпайы болған. Ал, осы бағдарламада жар іздеп сабылып жүрген ерлерге айтарым, жүрегі мейірім мен адамгершілікке толы, иманды парасатты қызды бағдарламадан емес, ата-анасының жанынан іздегеңіз абзалырақ. Бұрындары осы «Қалаулымсыз-ақ» ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз шаңырақ құрып, бақытты ғұмыр кешкен. Өз бақыттарын шынайы өмірден кезіктірген.

P.S: Еуразия арнасынан көрсетілетін «Қалаулым» бағдарламасы шыққалы дауы бітер емес. Тіпті әлеуметтік желіде де қозғалып жатқан тақырыптардың бірі осы. Бәрінікі «бағдарламаны жабу керек» деген сынды пікір. Әрине, бұл пікірлер негізсіз пайда болған жоқ деп ойлаймын. Сондықтан қызды қылығынан, ұлды ұятынан айырған «Қалаулым» бағдарламасы жабылсын!

Диана ГАЛИЕВ