14.02.2020, 9:44
Қараулар: 97
АРНАЙЫ ОРЫНДА БАҒЫЛСА ТАЗАЛЫҚ ТА БОЛАР ЕДІ

АРНАЙЫ ОРЫНДА БАҒЫЛСА ТАЗАЛЫҚ ТА БОЛАР ЕДІ

13 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде жергілікті қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Күн тәртібінде қаузалған басты мәселе — жиын сайын жиі талқыланатын жеке тұрғындардың қой-ешкі малдарын ауыл сыртында бағылуын ұйымдастыру. Осы бір күрмеуі шешілмейтін мәселе талай жылдарды артқа қалдырып келеді. Көктемнің лебі байқала бастаған уақытта билік басындағылардың да, ауыл халқының да басын ауыртатын мәселеге айналғалы қашан?.. Қаншама рет айтылып, түрлі жиындарда қызу талас-талқыға салынса да шешімін әлі күнге таппай келеді. Нәтижесінде жаз айында мал өрістен қайтар уақытта шаң-тозаңнан ауыл ішін «қалың тұман» басады. Бұл дегенін халық көп шоғырланған аудан орталығының экологиялық жағдайын бұзуда.
Осы мәселеге орай Казталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов: -Ақырған ақпан айында тұрғындар қорадағы малды сыртқа шығармай, жинап ұстауы қажет. Ал көктем айларында ауыл сыртына шығарып бақса, біріншіден ауыл іші малдың көңінен арылып, таза болар еді. Бұны неге айтып отырмыз? Өйткені, мал өрістен қайтқанда шаң көтеріліп, бағымсыз жүрген сиырлар тал-теректерді отап бітіреді. Сарыөзеннің жанындағы «Мышым» қыстағынан жекенің ұсақ малдарын бағатын арнайы орын бөлінген. Ендігі кезекте ауыл тұрғындардың келісімдерін алып, орталық көшелер, соның ішінде Шарафутдинов, А.Оразбаева, Ихсанов, Сауанов көшелерінің тұрғындары малды далаға шығару қажет. Жаз айында ауылдың жеке малдары үш бағытта бағылатын болса, көктем айынан бастап тағы да бірнеше бағытта бағылуды жоспарлап отырмыз. Халық болып, бір пәтуға келсе бұл шаруаның іске аспасына кім кепіл? -деп кесіп айтты.
Сайып келгенде мәселе ауыл тазалығын сақтауға кепілдік береді. Қоршаған ортаны, қала берді айналаны таза ұстау өз қолымызда. Дейтұрғанмен, бұны науқанға айналдырып, тазалық айлығына бір-ақ тірейміз. Көбінесе ауыл тазалығын атқарушы немесе жауапты мекемелерге сырып тастау адамдардың бойына орнығып қалған. Осы ретте биылғы жылы аудан әкімдігінің қолдауымен тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін арнайы техника кестеге сай жұмысын бастады. Ауыл мәдениетін көтеру белгілі бір мекеме, ұйымдардың жұмысы ғана емес, бұл жерде тұрғындардың да жауапкершіліктері маңызды болмақ.
Жиында қаралған кезекті мәселеде Қарасу көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» Пангерей Сейфуллиннің есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Қоғамдастық өкілдері бұл ретте пікірлерін білдіріп, аталмыш көшеге ардагердің есімін беруге келісімдерін берді.
Жиынды қорытындылаған округ әкімі қаралған мәселелердің шешімін табуда бірлесіп атқарған жұмыс қашанда нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Әсем БОЛАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар