14.02.2020, 9:34
Қараулар: 187
АУДАН ЖАСТАРЫ ӘНШІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

АУДАН ЖАСТАРЫ ӘНШІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

12 ақпан күні аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Казталов жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен рухани жаңғыру орталығында 2012 жылғы Ресейде өткен халықаралық «На-Николаевской 2012» фестивалінің Гран-При иегері, әнші Айымбек Сәртөкпен кездесу өтті. Бүгінгі кейіпкеріміз 1991 жылдың 20 сәуірінде Казталов ауданында дүниеге келген. 1998 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 2009 жылы аяқтаған. Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «тарих» факультетіне түсіп, білім алған. 2015-2016 жылдары аралығында Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында жұмыс атқарды, бүгінде Алматы қаласында жеке шығармашылықпен айналысуда. Кездесуде Айымбек Боранқұлұлы аудан жастарына жастық шағындағы және жоғарғы оқу орнындағы болған қызықтарын айтып, естеліктерімен бөлісті. Өнер жолындағы қиыншылықтар мен қызықтарды да айта кетті. –Мен осы Казталов ауданында дүниеге келдім. Қарапайым ауылдың баласымын. Алыста жүрсемде өз ауылым оттай ыстық. Әншілік талантымды шыңдап талай конкурстарға қатыстым. Адамның бірден биік белеске жетуі мүмкін емес. Сол арманға жету жолында талай қиындықтарға ұшырайды, тек соған сынбай алға қарай жүре беруі тиіс. Өнерде жеткен жетістіктерім менің арманыма жасаған қадамдарым деп білемін. Мысалы, 2011 жылы облыстық «Дала дарындары» байқауының  II орын, 2012 жылы облыстық «Студенттік көктем – 2012» байқауының Гран-При, 2013 жылы Халықаралық Е.Хасанғалиев атындағы «Атамекен» байқауының III орын иегері, 2014 жылы республикалық К.Дүйсекеев атындағы «Туған Жер» байқауының «К.Дүйсекеевтің арнайы жүлдесі», 2015 жылы Халықаралық Б.Оралұлы атындағы «Жерім менің» байқауының I орын, 2015 жылы Қарағанды қаласы республикалық «Жұлдыз – 2016» байқауының III орын,

2017 жылы Б.Шукенов атындағы республикалық «Отан Ана» конкурсының ІІ орын иегері болдым. Өнер жолы – ауыр жол екені рас. Мен қандай ән шырқасам да патриоттық бағытта айтамын. Өйткені, болашақ та жас ұрпақ менің әнімді айтқан кезде ұялмай отырғым келеді. Қандай мамандық, қандай жұмыс жасасаңыздар да өз еріктеріңізбен, құлшыныстарыңызбен жасаңыздар. Бұл сіздердің асыл армандарыңыздың орындалуына көмектеседі, -деді Айымбек Сәртөк. Өмірін өнермен ғана өріп қоймай, қоғамдық шараларға білек сыбана араласып жүрген әнші өскелең ұрпақтың өнегелі тәрбиесі жөнінде жақсы ой қозғады. Кеш барысында жиналғандардың өтініші бойынша ән орындады. Айта кету керек, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Көзімнің қарасы» шығармасын жанды дауыста шырқады. Қатысушы жастар сұрақтарын қойып, ашық әңгімелесті. Шара соңында Айымбек Боранқұлұлы ұйымдастырушылар мен қатысушыларға өз алғысын білдірді.

Диана ГАЛИЕВА