14.02.2020, 9:28
Қараулар: 165
ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЖАН

ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЖАН

 

 

 

 

 

 

 

1980 жылдың 29 тамызы. Сағат таңғы 5.00 шамасы. Жүйткіген жүрдек пойыз да тоқтады. Тәтті ұйқының құшағында жатқанда таңмен таласа тұрған торғайлардың шырылы терезелерді түрткілеп, тіршіліктің хабаршысындай бәрін оятып жүр. Күншығыс жақ алқызыл нұрға бөленіп тұр. Қамбар аға таңғы шықпен төгілген саф туындыны қолына алып, терезеге ұзақ қарады. Жалыны оттай жастық шақ оны ұзақ жолдарға жетелеп бара жатқандай. Сол сәтте белгісіз бір күш оны пойыздан түсуге итермелегендей болды. Жол жиегіндегі дүкеннен бір бөлке нан сатып алып шыққаны сол еді, пойыз қозғала бастады. Жылжыған пойызға мінбек болып жанталаса бергенінде, құлап түсті. Бұл өң мен түстің арасындағы жағдай еді. Ес-түссіз қанша жатқаны белгісіз, тек тәнінен бір мүшені жұлып әкеткенін ғана сезді. Темір жолдағы тағдыр бір-ақ сәтте барлық арманын тас-талқан етті. Жүректі байлаған суық күннің көлеңкесі біздің кейіпкеріміздің әлі де көз алдында…

Өмірдің ағысы тоқтаған жоқ. Содан бері қаншама уақыт өтті. Пойыздың астына түсіп, бір ажалдан аман қалған Қамбар аға талай қиындықты басынан өткерді. Бір аяғы мен қолының кемтарлығына қарамастан, алдағы күннен үміт үзбеді. Өмірдегі қуаныш пен қайғы,
жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік оның ой-өрісін қатайтып, шар болаттай шыңдап үлгерді. Аяққа тұрып, жұмысына қайта кірісті. Талай туындыға тіл бітірген шебердің дүниелерін бейнетаспадан қарап, еріксіз риза болдым. Қараобалық Қамбар Сармалаевтің айнадай жарқырап жатқан айшықты қолтаңбасын қаз-қалпында көпшілікке ұсынғанды жөн көрдім.

-Мен 1976 жылы институтты бітіріп, сол жылы үйленіп, ауылыма жұмысқа келгенмін. Бірақ, ойым тағы да бір мамандықты игеру болатын. Екінші ойым сәулетші болу еді. шығармашылықпен шұғылданатын маман болғым келді. Өзімді шыңдау үшін алға қарай ұмтылдым. 1980 жылы жол түсіп, Алматы қаласына бардым. Елге келе жатып, азық-түлік алмақшы болып вокзалға түстім. Бірақ, затымды алып болғанша пойыз орнынан қозғалып үлгерді. Сол кезде сенімі күшті жігіттік пен жалынан сипатпай тұрған жастықтың әсерінен болар екпін алған пойызға секіргенім ғана есімде қалыпты, -деп өткенді еске түсірді.

Аурухана төсегінде Қамбар аға бір аптадан кейін ғана есін жияды. Біраз қан жоғалтқандықтан дәрігерлер оны «адам» болады деп ойламаған. Бір аяқ, бір қолынан айырылу оңай болмаса да Саратов қаласына барып протез салдыруға тәуекел етті. Сол жерде бұдан да қиын жағдайға душар болған жандарды көргенде бойында күш-жігер пайда болып, бір жылдан кейін ұстаздық жұмысын қайта жалғастырды. Шығармашылық адамның жан дүниесін байытуға, өзіңді мүлде жаңа салада тануға мүмкіндік береді. Ал шәкірт бойындағы шығармашылық қуатты ояту бала жанының қалтарыстарына терең үңіле алғандардың ғана қолынан келмек. Біздің кейіпкеріміз сондай жан. «Әр бала өз қиялын бірінші қағазға түсіріп, сосын оны қолымен ұстап, көзімен көретін болмысқа айналдырса ұстаз үшін сол бақыт», -дейді Қамбар аға.

-Баланы өнерге баулу тым ерте басталады. Балалар кішкентай кездерінде салған суреттерінде өз ойларын жақсы береді. Дем беріп, қанаттандырып отырсаң көп нәрсені
істей алады. Мен өзімнің ұстаздық тәжірибемде пәнімді тереңдетіп оқыту арқылы балалардың ақыл-ойы мен ішкі әлеуетін жүзеге асыртуға тырыстым. Ақ қағаздағы кеңістікке кескін мен пішінді орналастырып қана қоймай, мағына мен жан бітіріп, көркем туындыға айналдыру үшін баланың шығармашылық ойын жетілдіру керек, — деп әңгімесін жалғастырды ұстаз.

📂 -Сызу – ең күрделі, әрі негізгі пән. Ауыл балаларын бір бағытта оқытпадым. Техникалық білім алып шықсыншы деп, болашақ инженер болар, кім болса да ауылдың баласы алда жүрсе екен деген мақсат болды, -дейді ол.

Қамбар ұстаз жалғыз қолымен қағаздан, темірден, ағаштан түрлі туындыларды дүниеге әкелді. Шәкірттері де ұстаз жолымен жүріп көп нәрсені меңгерді. Бірі желкенді кемені, бірі әмбебап экскаваторды, бірі экологиялық тиімді автокөлікті құрастырса, ал енді бірі спорттық көліктердің жобаларын жүрексінбей қолға алды. Жай қағаздан жасалған дүниелер болса да, бала санасындағы арманның қаншалықты алысқа апаратынын білмеуіміз мүмкін. Қағаздан батпырауық жасап бастаған талай шәкірті қазір еліміздің түкпір-түкпірінде білім алып, еңбек етіп жүр.

42 жыл Қараоба мектеп-гимназиясында сызу-бейнелеу өнері пәні мұғалімі, қосымша білім беру педагогі болып қалтқысыз еңбек еткен кейіпкеріміз көптеген шәкіртті қанаттандырып, қияға ұшырды. Қамбар аға қамқоршысы, мұңдасы, сырласы болған жан жарымен бірге көтерген шаңырақта 4 баладан 6 немере, 7 жиен сүйіп отыр. Өнердің құдіретін тек сол әлемнің ішінде жүргендер ғана түсінеді. Біздің кейіпкеріміз өмір шындығын бейнелеу арқылы әр туындысынан рухани шабыт алады. Саналы ғұмырын бейнелеуге арнап, қарапайымдылықты қағида еткен Қамбар Сармалаев пен шәкірттерінің қолынан шыққан көркем туындылардан жасақталған көрме болашақта қайта жанданып, мектептен орын тапса дейміз. Жансыз бейнеге жан бітіріп, сан түрлі бояу мен қағазға тіршіліктің тамырын сыйғызған ұстаз қандай құрметке де лайық.

Жұлдыз АСҚАР