11.02.2020, 10:47
Қараулар: 283
АЗАМАТТЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖЕКЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

АЗАМАТТЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖЕКЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

Бүгінгі таңда сот жүйесіне тұрғын үйге байланысты жүгінетін жан көп. Тұрғын үйге меншік құқығын анықтауға байланысты істер ҚР Азаматтық кодексінің, Тұрғын үй қатынастары туралы заңының, Жоғарғы Соттың «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының, сондай-ақ Жоғарғы Соттың «Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының негізінде қаралады.

Жалпы, тұрғын үйлерге қатысты меншік құқығы туралы талап қою бойынша талапкер әуелі өзі тұрып жатқан үйдің мекенжайын көрсетіп, сол аумақтағы тиісті аудандық сотқа жүгінуі тиіс. Егер талап-арыз меншік құқығын иеленуге қатысты болса, онда коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті орган ретінде аудан әкімі аппараты мемлекеттік мекемесін жауапкер ретінде көрсетуі керек. Ал жауапкер мекеме меншік құқығын танудан бас тартса, талапкер сотқа жүгінуге құқылы. Мұнда да басын ажыратып алатын мән-жайлар бар. Мәселен, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 240 бабының 1 бөлігіне сәйкес, мүліктің меншік иесі болып табылмайтын, бірақ өзінің жеке қозғалмайтын мүлкіндей жеті жыл бойы, өзге де мүліктерді бес жыл ұдайы иеленген азамат заңды тұлға ретінде меншік құқығын ала алады. Мемлекеттік тіркеуге  жататын жылжымайтын және өзге де мүлікке  меншік құқығы бұл мүлікті иелену мерзіміне сәйкес алған тұлғада осындай тіркеу кезінен бастап пайда болады.

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының №2 аудандық  сотына 2019 жылы тұрғын үйге меншік құқығын анықтауға байланысты  21 талап арыз  түсіп, талап қоюшылардың талап арыздары қанағаттандырылып, тұрғын үйге меншік құқығы танылған. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айының өзінде 3 талап арыз  түсіп, қаралуда.

Сот табалдырығын тоздырып жүрген азаматтар талап-арыздарының оң шешілгеніне риза болуда.

 

Жаңылсын ДҮЙСЕНОВА

 №2 аудандық сотының

бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы