11.02.2020, 10:40
Қараулар: 212
Пестицид жөнінде не білеміз?

Пестицид жөнінде не білеміз?

Пестицидтер дегеніміз – мәдени өсімдіктерді зиянкестерден, паразиттерден, арамшөптерден, аурулардан және микроорганизмдерден қорғау үшін қолданатын барлық хмиялық қосылыстар. Пестицидтердің атауы латын сөздерінен алынған; pesis – жұқпалы ауру, caedo — өлтіремін.

Пестицидтерді пайдалану ауыл шаруашылық өнімдерін 18-20 пайызын сақтайды. Қазіргі кезде оларды көп қолданатын болғандықтан биосфера мен адамарға зияны тиіп жатыр. Оларды пайдаланбай өнім алуға мүмкіндік жоқ, себебі зиянкестер өте көбейіп кетті. Бунақденелілер пестицидтердің бір түріне тез бейімделетін және ол қасиетін ұрпағына бере алатын қабілеті бар. Сондықтан пестицидтерді қолданарда зиянкестердің түріне қарай таңдап алу керек.

Негізінен пестицидтер ауыл шаруашьшығында кеңінен қолданылады. Өсімдіктерді қорғау, егін өнімділігін арттыру үшін әзірше кең таралған және бұл арзан химикаттар болып саналады. Сондықтан пестицидтерді өндіру кеңінен арттырылуда. Пестицидтерді қолдану — топырақ, су қоймаларын, жерді, ауаны ластандырады, тұрғындардың тығыз қатынаста болуына әкеледі. Пестицидтер биологиялық белсенді қосылыстар болғандықтан пайдасыз бен пайдалы жануарлар мен құрт — құмырсқаларға және адам денсаулығына зиянды әсерін тигізеді. Пестицидтерге балалар мен жасөспірімдер және қарт адамдардың организмі өте сезімтал келеді. Әсіресе жүкті әйелдер және бала емізетін әйелдердің осы улы заттармен қарым — қатынаста болуы өте қауіпті. Өйткені, бұл заттар организмге түскенде плацентарлық тосқауылдан өтіп, ұрықтың дамуына әсерін тигізеді жәж ана сүтімен өтіп баланы уландыруы мүмкін. Көптеген пестицидтерге жалпы токсикалық эмбрион-гонадо — токсикалық (жасушаның және жыныс бездерінің өзгеруі мен жасушаның шоғырлануы), мутагендік — хромосомдық бұзылыс, канцерогендік (қатерлі ісіктік) және аллергендік қасиеттер тән. Пестицидтер әсері жиі өндірісте істейтін жұмысшылар пестицидтермен жанасуында әртүрлі заттарды іздеп табатын, тасымалдайтын, сақтайтын, тарататын, егін — өсімдіктерге себетін және үй шаруашылығында қолданылатын жұмыстармен тікелей байланысты. Әсіресе адамдар ұрықтар мен дәндерді қолданғанда, топыраққа сепкенде (фумигациялағанда) және өсімдіктерге, ағаштарға шашқанда немесе пестицидтерді өңдейтін орындарда ұзақ уақыт қатынаста болғанда, әсіресе санитарлы — гигиеналық нормативтік талаптарды сақтамағанда жұмысшылар улануға ұшырайды.

Химиялық құрамы жағынан пестицидтер 5 класқа топтастырылады:

1) хлорорганикалық қосылыстар – гексахлоран, ДДТ (дуст) гексахлорциклогексан, полихлорпинен, полихлоркамфен т.б. Олар организмде жинала алады да, ыдырауы бірнеше ондаған жылдарға созылады. Хлорорганикалық қосылыстар диоксиндермен қосылысып, тұрақты органикалық қосылыстар түзеді.

2) Фосфорорганикалық инсектицидтер – карбофос, дихлофос, диазинон, фосфамид, метафос, амофос, өсімдіктің өсуін реттегіштер және т.б. Бұлар топырықта және басқа ортада тезірек ыдырайды.

3) Карбаматты инсектицидтер – карбамин қышқылының күрделі эфирлері (севин). Бунақденелілердің жекелеген түрлеріне ғана әсеретеді, ал жануарлар мен адамдарға зияны жоқ.

4) Хлорфеноксиқышқыл туындыллары – дефолиант ретінде су қоймаларында өсетін өсімдіктерді жою үшін қолданады.

5) Пиретроидты табиғаты бар пестицидтер – транс-хризантема қышқылы. Бұл инсектицидтердің жаңа түрі, оны табиғи материалдардан бөліп алған. Мысалы, түймедақ өсімдігінің сығындысынан табиғи пиретрин-І алынған. Бұдан басқа өте қатты әсер ететін жасанды пиретроидтер де алынған.

Адамдарға зиян келтірмейтін пестицидтерді атап кетейік. Олар: гидрохинон І туындылары, триазиндер (ІІ) және азолдар (ІІІ), бензой қышқылының (IV) туындылары және т.б.

Тірі организмге түскен пестицидтердің әсері препараттың тұрақтылығына, яғни персистенттілгіне және организмде жүретін метаболизм процесінің жылдамдығына байланысты болады.

Пестицидтерді шамадан тыс артық мөлшерде пайдалану, егістік жерлерді дұрыс өңдемеу нәтижесінде олар жер үсті, жер асты суларды ластайды. Пестицидтерді пайдаланудан туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешудің жолы- олардың қоршаған ортадағы және азық-түлік өнімдеріндегі мөлшерін анықтап, бақылауға алу. Бірақ қазіргі таңда қолданылып жүрген әдістемелер бойынша қоршаған орта мен азық-түлік өнімдеріндегі пестицидтер мөлшерінің олардың пайдаланылған жалпы мөлшерінен аз ғана бөлігін анықтауға мүмкіндік болып отыр. Бұндай бақылау жүйесінің өзі де қазіргі кезде барлық аймақтарда дұрыс жолға қойылмаған. Пестицидтермен улануды алдын алуда мыналар жүргізілуі тиіс: еңбек гигиенасы мен жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау; тағам өнімдерін улы химикаттар түсуінен қорғау; су, топырақ, ауаны санитарлық қорғау органдары бақылау профилактикалық шараларын ылғи жүргізіп тұруы қажет. Осымен қатар, респираторлық қорғаушы көзілдірік, резина қолғаптар мен арнайы киімдер қолданылады Және де күнделікті душ қабылдап, киім ауыстыруға жұмысшы міндетті. Көпшілік профилактикалық шаралар қолайлы метеожағдайларда (желсіз, ылғалды салқын күндері) жүргізілуі тиіс.

Пестицидпен уланудың алдын алу мақсатында, әсіресе шаруа қожалықтарына ескертетін жағдай, далада иесіз жатқан құдықтарда рұқсатсыз тазалауға, су алуға және  пайдалануға болмайды. Суының құрамын білмей тұтынбауды ескертеміз.

 

Айдана НАУРЫЗОВА,

 аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы