11.02.2020, 10:13
Қараулар: 188
ҰРПАҚТАРЫ ҰМЫТПАЙТЫН ҰЛЫ ЖЕҢІС

ҰРПАҚТАРЫ ҰМЫТПАЙТЫН ҰЛЫ ЖЕҢІС

Ұлы Отан соғысындағы Кеңес халқының ерлігі мен қаһармандығы, жеңіске деген үміті, өшпес рухы – бәрімізге мәлім. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен халқымыздың ерлігі бізге аңыз боп жетті. Соғыс салған қияметтің ақиқатын батыр аға-аталарымыз жасады. Шындық пен аңыздан тұратын сұрапыл жылдар ел есінде.

Осы орайда 7 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына және Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай Алма Оразбаева атындағы орта мектебі «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты мерекелік концертін қалың көрерменге ұсынды.

Ұлы Отан соғысындағы қайсар рухты, өшпес ерлікті, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының өмірі мен жауынгерлік тұлғасын көрсеткен көркем шығарманың бірі – Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын басшылыққа ала отырып, батыр Бауыржан Момышұлының монологтарын оқып, оған арқау болатындай көріністерді мектеп ұжымы шебер көрсете білді.

Концерттің шымылдығын «Вставай страна огромная» әнімен қосып, әсерлі көрініспен ашты. «У деревни Крюково», «Соғыстың соңғы әні», «Попурри», «Майдангерлер» әндері шырқалып, ұстаздар «Журавли», «Пора в путь — дорогу» билерін мың бұрала биледі. Аға ұрпақтың ерлігін, өтелмес парызын жас ұрпаққа аманаттай отырып, ерліктің үлгісі болған майдангерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, ортаға соғыс ардагерлерінің суреттері мен ту ұстаған оқушылар шықты.

Кеш соңы  көрермендерге таныс әрі ыстық «День Победы» әнімен аяқталды.

Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова сахна төрінен табылып: — Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген бабаларымызды, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, Жеңісті күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы, -деп мектеп ұжымына алғысхат табыс етті.

Ұжымның орындауындағы туындылар көрермендерге жігер беріп, кешті ерекше сәнге бөледі.

Диана БАҚСЫҚ