11.02.2020, 10:08
Қараулар: 200
КЕҢЕСКЕН ШАРУАДАН КЕМШІЛІК КЕТПЕЙДІ

КЕҢЕСКЕН ШАРУАДАН КЕМШІЛІК КЕТПЕЙДІ

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұретдин Құтхожиннің төрағалық етуімен қоғамдық кеңес өтті.

Кезекті өткен қоғамдық кеңестің күн тәртібінде жаза, жаза «жырға» айналған жол мәселесі қаралды. Бұқара халыққа ерекше екпін берген бұл мәселенің бұған дейін талай мәрте көтерілгені белгілі.
Ауданнан шалғайда орналасқан Талдықұдық ауылдық округі жол қиындығын көріп жүрген ауылдардың бірі. Кіреберістегі 9 шақырымдық кедір-бұдыр жол бірінші кезекте жөнделсе деген тұрғындардың өтініш-тілектері бар. Округтегі су келетін канал тазартылса деп Талдықұдық ауылдық округінің қоғамдық кеңес мүшесі Айсұлу Иманғалиева базынасын жеткізді. Қала берді Казталов және Жалпақтал ауылішілік жолдары да жөндеуге мұқтаж. Жырға айналған бұл жолдар қашан жөнделмек? Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов өз хабарламасында: -Ауданымыздың үстінен 210 шақырым республикалық жол өтсе, 195 шақырым облыстық маңызы бар және аудандық маңызы бар 524 шақырымды құрайды. Ауылішілік жол 27,7 шақырымды құрайды, соның ішінде жөнделгені 11,1 шақырым. Ал Жалпақтал ауылшілік жолы 29,2 шақырымды құраса, жөнделгені 6,2 шақырымды құрап отыр дей келе, жобалық-сметалық құжаттамалары дайын тұрған нысандарға тоқталды.
Тұқетері, ауыл тұрғындарының жанайқайына қайтарар жалғыз жауап — бәрі де қаржыға келіп тірелетінін тілге тиек етті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов Казталов ауданы бойынша 2020 жылға жұмыс орындарына квота белгілеу жөнінде хабарлама жасады. Хабарламада айтылғандай, ендігі кезекте ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгіленетін болады. Дейтұрғанмен, бұл топтан басқа да жұмыссыз сеңделіп жүрген жандар қаншама?! Бұдан шығар жалғыз жол — ауданымызда кәсіпкерлік саласын дамытып, кәсіп көздерін ашу қажеттігін кеңес мүшелері кесіп айтты.

Санаулы күндерден кейін көктем де келіп, жер-аяғы кеңіп, сайын дала жасыл шөпке оранып, мал өріске шығады. Ауыл ағайындарының қоздаған қойлары, мөңіреген сиырлары жайылымға шығып, табиғат төсінде тыныстайды. Осы ретте кеңес отырысында жайылымды дұрыс пайдалану жұмыстарын қолға алып, кеңес мүшелері мен жергілікті атқарушы билік  жұмыстанатындарын жеткізді.

Жиында сөз алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашев: -Кеңес мүшелерімен бірге күрмеуі қиын түйіндерді шешуде келісіп, бірлесіп атқарған жұмыс қашан да нәтижелі болмақ, -деп сөзін қорытындылап,  жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Жиында әр округтің қоғамдық кеңес мүшелері сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиын соңында аудандық қоғамдық кеңестің 2020 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Әсем БОЛАТ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар