11.02.2020, 9:58
Қараулар: 165
ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ТАСҚАЛАДА

ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ТАСҚАЛАДА

5 ақпан күні Казталов ауданы делегациясы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында «Тұңғыш Президент жолымен» атты халық экспедициясының эстафетасын тапсыру мақсатында Тасқала ауданына барды. Алаңда жиналған аудан тұрғындарының алдында Тасқала ауданы әкімі Алдияр Халелов сөз алып, екі аудан арасындағы ынтымақтастық пен бірлік нығая берсін деген тілегін жеткізді. Әрмен қарай орталық алаңдағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін эстафетаға қатысушылар бес диалог алаңында өзара пікір алмасты. Тасқала ауылының мектептен тыс жұмыс орталығында Казталов және Тасқала аудандарының қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, «Nur Otan» партиясының өкілдері, зиялы қауым, қоғам белсенділері және жастар қатысқан бірінші диалогтық алаң өтті. «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Елбасының тарихи рөлі» атты тақырыбында БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары, модератор Жамал Ихсанова дөңгелек үстелде қатысушылармен бас қосты. Ашық алаңда аталған бағыттағы мәселелерді шешу, азаматтық қоғам институттары мен билік органдарының өзара іс-қимылын, мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық шараларға бақылау жасауын кеңінен талқылады. Екінші диалогтық алаң «Самғау» коворкинг орталығында жалғасын тапты. «Ата сөз-бата сөз» атты тақырыпта модератор БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов біраз мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Казталов және Тасқала аудандары ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, еңбек ардагерлері қатысқан еркін кездесуде ақсақалдардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі бағыттары, айналамызда орын алып жатқан түйткілді мәселелерді шешудегі ақсақалдардың рөлі туралы маңызды ойлар талқыланды. Үшінші диалогтық алаң «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі БҚО ҚХА аналар кеңесінің атқарылған жұмыстары мен мәселелерін талқылау» жөнінде болды. Модератор, БҚО әкімі аппаратының инспекторы Гүлжайна Бисенғалиева аналар кеңесінің атқарылған жұмыстарына тоқталса, қоғамдық ұйым өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. Шара барысында отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған жұмыстар, ажырасудың алдын алу мәселелері қаралды. Сонымен қатар жастардың қалыптасуындағы ұлттық тәрбиенің рөлі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, жас отбасында жиі кездесетін мәселелерді анықтап, жан-жақты түсіндірді. Модератор, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың қатысуымен «Сәулет» мектеп-лицейі коворкинг орталығында өткен төртінші диалогтық алаңда «ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы мен БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның жұмысына қосқан үлесі мен бүгінгі таңда қол жеткен нәтижелері туралы» туралы әңгіме өрбітті. С.Жақсығұлов атындағы мектеп акт залында бесінші диалогтық алаң «Медиация және дебаттар: жанасу нүктелері» атты модератор «Татуласу» орталығының басшысы Алуа Ракишеваның қатысуымен өтті. Басқосудың мақсаты – қоғамда өзара сыйластық пен түсіністікке тәрбиелеу, татуласу әдістері туралы және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту. Шараға қатысушылар «Медиация туралы» заңына енгізілген өзгерістер туралы кеңінен айтып, ойларын ортаға салды. Бес диалогтық алаңнан кейін барлық қатысушылар аудандық мәдениет үйіне жиналды. Казталов ауданының ұйымдастырған көрмесі тамашаланып, аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Казталов фольклорлық ансамблі «Адай», «Мұрагер» күйлерін күмбірлете орындаса, жеке дауыста Серік Құрақбаев «Туған жер» әнін әуелете шырқады. Үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблі қазақтың қара домбырасымен көрермендерді тамсандырды. Кеште казталовтық әншілер «Жайнай бер, Тасқала» әнін шырқап, Тасқала ауданына тарту етті. Әсерлі кеште татар, қырғыз, украйн, өзбек тілінде попурри орындалып, «Атамекен» әнімен кеш қорытындыланды. Сахна төріне шыққан БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов: Халық экспедициясы деп аталуының себебі, оның басты арқауы Елбасы мен халық болады. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әрбір азаматының өмірінде маңызды рөл атқарады. Сол бағыттағы шаралардың жоғарғы деңгейде өтіп жатқандығы көңіл қуантады. Еліміздің әлемге сыйлы, бай да бақуатты мемлекет болуына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан зор үлесін өскелең ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз деп білемін, -деді. Шара соңында Казталов ауданы Халық экспедициясы эстафетасын Тасқала ауданына табыстады.

 

Қайрат ЖАҚЫП,

Диана БАҚСЫҚ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар