4.02.2020, 9:24
Қараулар: 180
ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЕЛ РИЗА

ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЕЛ РИЗА

Аптаның жұмасында казталовтық ағайын аудан әкімі Альберт Есалиевтің ел алдындағы есебіне құлақ түрді. Есепті кездесуге Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов, облыстық басқарма басшылары мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істер баршылық. Жыл он екі айда атқарылған ұшан-теңіз жұмыстың кезекті көрмесі мәдениет ошағының кіреберісіне қаз-қатар тізіліпті. Ауыл шаруашылық өнімдері, бизнес жобалары облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алдында таныстырылды. Сондай-ақ облыс басшысы аудан жастарының жыл ішіндегі толайым табыстары мен жарқын жетістіктеріне шолу жасады. Жиынға жиналған жұртшылық лэдэкраннан

арнайы түсірілген бейнежазбаны тамашалады.

Ел алдындағы есебінде аудан әкімі қолға алынатын жарқын жобалар мен ауқымды жұмыстарды жіпке тізді. Іс пен нәтижені бір арнада тоғыстырып, ел көкейінде жатқан сауалдарды дөп басты. Сондай-ақ білім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп кешені бойынша жасалған жарқын істерді баяндады.

Әкімнің есебін қысқаша сараласақ, бүгінгі таңда аудан бюджеті 2018 жылы 7 млрд. 544 млн. болса, 2019 жылы 9 млрд. 200 млн. теңгені құрап, 22 пайызға артып отыр. Аудан бюджетінің шығындар болжамы 9 млрд.123 млн. теңгеге атқарылып, 99, 2 пайызды құрады. Оның ішінде салалар бойынша білім – 50 пайыз, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру – 14 пайыз, құрылыс — 8 пайыз, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық – 8 пайыз және мәдениет және спорт — 6 пайыз және басқа салаларға -14 пайыз қаржы жұмсалды. Ауданда қаржыландыру көздері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2018 жылы 6 млрд. 72 млн. теңге болса, 2019 жылы 9 млрд. 309 млн. теңгеге жетіп тиісті кезеңмен салыстырғанда 153,3 пайызға ұлғайған. Ауданның ауылшаруашылық саласында да біраз жетістіктер бар. Атап айтатын болсақ, өткен жылдың қараша айында өңіріміздегі ауқымды инвест-жобаның бірі Талдыапан ауылдық округі Қайшақұдық ауылында жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын «Ет индустриясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандандырылған мал бордақылау кешені іске қосылды. 2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 15 млрд. 909 млн. 100 мың теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 104,3 пайызға артық орындалып, өнімдердің барлық түрлері бойынша өсім қамтамасыз етілді.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және саланың өнімділігін арттыруға 977 млн. 400 мың теңге, инвестициялық салымдардың бір бөлігін қайтаруға 292 млн. 600 мың теңге бөлінген.

Жиында сөз алған облыс әкімі Ғали Нәжімиденұлы облыс, аудан көлемінде қолға алынып жатқан бірқатар жобалар мен нәтижелі жұмыстар туралы айта келіп, аудан тұрғындарының тарапынан көтерілген мәселелерге жауап берді.

Облыс басшысы келесі жылы аудан орталығында А.Оразбаева атындағы 600 орындық мектеп құрылысы, Казталов ауылында 320 орындық, Жалпақтал ауылында 160 орындық дене шынықтыру, сауықтыру кешені құрылысының басталатынын және Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық елді мекенінде 60 орындық мектептің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстарының басталғанын жеткізді.

-Өңірімізде 435 елді мекен бар. Олардың әрбірінде әртүрлі қордаланған мәселелер толып тұр. Бәрін де шешкіміз келеді. Алдыңғы қатарда өзекті деген мәселелерге көңіл бөліп жатырмыз. Аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қарастырылған. Дегенмен алда атқарылар ауқымды жұмыстар тұр. Сіздердің  аудандарыңыздағы жол, су, көгілдір отын, тұрғын-үй, мектеп, балабақша салу, күрделі жөндеу сияқты басты түйткілдерді бірден шешпегенімізбен, жоспарымызға еңгіздік. Бүгінде ауыл тұрмысын жақсартудан туындаған сан сауалдың түйіні тарқатылып, шешімін тауып келеді, -деді.

Сонымен қатар облыс басшысы ауданға ірі инвесторлар тартып, салық түсімін көбейтуді аудан әкіміне тапсырды. Өз сөзінде: -Былтырғы жылы Казталов ауданы Талдыапан ауылдық округіне «Ет индустриясы» агрохолдингін тартып, бүгінде ірі инвестор мал бордақылау алаңын іске қосты. Инвестиция төңірегіндегі тың жобаларыңыз басқа аудандарға үлгі болуда. Аудан бюджетіне түсетін салық көлемі 8 млн. теңге болса, осы инвестор аудандық бюджетке 3 млн. теңге көлемінде салық түсірген. Ендігі кезекте аудандағы шаруашылықтар мен кәсіпкерлерден түсетін салық түсімін көбейтуді тапсырамын, -деді.

Бұнымен қоса өңір басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген киіктің көбеюі, Казталов-Фомин шекара бекетінің ашылуы жайында қозғалған мәселелерге де пікірін білдірді.

-Соңғы жылдары киіктің көбеюі Жаңақала, Бөкей орда, Жәнібек, Казталов аудандарында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ақбөкендер ауыл шаруашылық саласына тікелей кері әсерін тигізуде. Осыған орай мәселені шешу үшін 4 ауданның атынан сайланған мәслихат депутаттарына арнайы хат дайындауды ұсынамын. Ал Казталов-Фомин шекара бекетіне келетін болсақ, Ресейдің Саратов губернаторымен келіссөздер жүргізіп, ортақ шешімге келдік. Енді сол жақтағы Министрліктің мақұлдауын күтіп отырмыз, -деп қорытындылады.

Ғали Есқалиев Чапаев-Казталов-Жәнібек-Бөкей орда бағытындағы жолдардың күрделі жөндеу жұмыстарын да тілге тиек етті. Ол бұл бағыттағы жөндеу жұмыстарын ұтып алған 4 мердігер компанияларының ішінен «Юнисерв» ЖШС-нің жұмысына оң баға берді.

Жиынға қатысқандар аудан әкімінің есебін қанағаттанарлық деп тапты. Есепті кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

 

Қайрат ЖАҚЫП,
Жұлдыз АСҚАР

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар