21.01.2020, 11:55
Қараулар: 263
САҒЫНДЫРҒАН ӘНДЕР-АЙ

САҒЫНДЫРҒАН ӘНДЕР-АЙ

Киелі өнер… Шексіз әлем… Иә, осы өнерді бағындырып, сахнаны серік қылған жандардың өз әлемі, өз кеңістігі бар. Сол кеңістікке сыйудың өзі бір ғанибет. Неге деріңіз бар ма? Өнер – кез келгеннің қолынан келе бермейтін, әлдебір адамның басына қона бермейтін бақ секілді. Бір тылысым дүние…
Мен бұның бәрін не үшін жазып отырмын. 20 қаңтар күні сәті түсіп, аудан орталығында орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып қайттым. Бұл жерде көңілі жарты, тағдырдың қилы сынағына ұшыраған қамкөңіл жандар қызмет алып жатыр. Олардың да ішінде де киелі өнерге құрметпен қарайтындар бар.
Орталық басшысы Хайырбай Ердосбайұлы өзі хабарласып: — Біздің қызмет алушылар мен қызмет көрсетушілер бірігіп, вокалды-аспапты ансамбль құрып жатыр. Сол ансамбльдің тұсаукесер концерті болады,- деген кезде менің қызығушылығым бірден оянды. Осындай жаңалық барлық адамды елең еткізері сөзсіз.
Орталыққа кіргенімде бірден сурет галереясына сүңгіп кеткендей әсер алдым. Қабырғада ілінген қылқалам туындылары мен жалпы орталықтың ішіндегі безендіру жұмыстары осындағы қызмет алушылардың қолынан шыққан дүниелер. Сүйсінбей, тамсанбай қарау мүмкін емес.
Шағын ғана сахнасы бар орталықта осы күнге дейін әрбір мейрам әнсіз, күйсіз өткен емес. Бұл орталықтағы мәдени ұйымдастырушылардың еңбегі деп білеміз. Вокалды-аспапты ансамбльдің құрылуына мұрындық болған мәдени ұйымдастырушылар Жеңіс пен Аманжолдың ынта-жігері. Жігіттер қамқорланушылар арасынан музыкаға деген қабілеті бар жандарды байқап, ансамбль құруды ұйғарған.
Сонымен мен орталықта вокалды-аспаты ансамбльдің сүймелдеуімен қызмет алушы Гүлбарам Ибрашева, Қансұлу Сапарова, Нұрлан Шадмановтар тамылжыта ән салғанына және ансамбльдің белді мүшесі Ақан Досболатовтың гитарада шебер ойнағанына куә болдым. Ақанның гитарада ойнаумен қатар ерекше дауыс иесі екенін де байқадым. «Сағындырған әндер-ай» атты тамаша концерттен тамаша әсер алып қайттым. Ең бастысы ән мен күйдің жанды болғаны. Бүгіннің өзінде фонограманың шырмауына түсіп, даңғырлатып жүрген эстрада жұлдыздарының қасында бұлардың ән айтуы бөлек.
Иә, «өнер – шексіз» — деген сөздің құдіретін енді түсінгендеймін.

Қайрат ЖАҚЫП