21.01.2020, 11:48
Қараулар: 151
ӘЛЕУМЕТТІ «ӘЛДЕНДІРУ» ҮШІН ӘРЕКЕТ ЕТЕЙІК!

ӘЛЕУМЕТТІ «ӘЛДЕНДІРУ» ҮШІН ӘРЕКЕТ ЕТЕЙІК!

20 қаңтар күні есептік кездесу Бостандық, Көктерек, Қарасу ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Бұл жыл сайын жыл басында өтетін маңызды жиын. Яғни, ескі жылға есеп беріліп, жаңа жылға жоспар құрылады. Есеп беру кездесулеріне аудан әкімі Альберт Есалиев пен сала басшылары қатысты. Есепті кездесу барысында округ әкімдері Манарбек Сүндетов, Бауыржан Қабдолов, Асхат Нұржанов 2019 жылы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарын айтып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Бостандық ауылында бірнеше жылдан бері шешімі табылмай жатқан мәселелер көп. Округ әкімінің есептік баяндамалары тыңдалғаннан кейін тұрғындар ауылдағы мәселелердің тұстарын жіпке тізгендей айтып берді. Кеш батқанда жарықтың дұрыс болмайтынын айтып қынжылды ауылдағы ағайын. Сондықтан да жарық мәселесін ретке келтіру бостандықтықтардың басты тілектерінің бірі болып отыр. Одан бөлек заманның дамыған кезінде аталған ауылдың мобильді байланыстың жөнді болмауы. «Ақшамызды уақытында төлеп тұрсақ та, нәтиже жоқ» деп наздарын білдірді. Сонымен қатар тұрғындар учаскелік полиция қызметкеріне баспана қажеттігін баса айтты. Аудан басшысы бұл мәселенің алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді. Ауылдағы ағайын қабырғалары құлағалы тұрған медпункттің бүгінгі жайын да тілге тиек етті. Жалпы Бостандықтағы кездесу барысында бірқатар мәселелер көтерілді.

Көктерек, Жұлдыз ауылдарының тұрғындарын ойландыратын басты мәселе – көгілдір отынға қосылу. Шамасы, қос ауыл жаздың жалпағында отын жинамаса керек-ті. Әйтеуір әбігерге салған көгілдір отынның қызығын қыс «мінезін» көрсетпей тұрып көрсек деген тілектерін бар. Қарасудағы бұралқы иттер халықты әбден мезі қылған. Өмірімізге қауіп төнеді деп үрейленгендер әкімнен көмек сұрады. Аудан басшысы бұл жағдайды қалай реттеу қажеттігін жіті түсіндірді.

Жиында халықты алаңдатқан басқа да мәселелер көп. Айталық, жол қатынасын реттеу, жедел жәрдем көлігімен қамту, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жұлдыз ауылына халыққа қызмет көрсету орталығының бұрышын түсіндіруге маманның қажеттігі туралы түйткілді мәселелер көтеріп, нақты жауаптар берілді.
Әр ауылдық округте өткен жиында қарапайым халықтың ұсыныс-тілектерін емін-еркін жеткізетіндей басымдық берілді. Сондықтан да аудан әкімі әр мәселенің әрқайсысына жеке тоқталып, тыңғылықты түсіндірді.

-Біз аспаннан қашан алтын жауады екен деп күтіп отырмай, өзіміз қимылдауымыз қажет. Ауылға қажетті істер бірден болмайды, бірте-бірте жүзеге асады. Қай ауылдық округтерде де жасалынып жатқан жұмыстар жоқ емес, баршылық. Тек соған шүкіршілік етуіміз керек. Жылу, желі, жол мәселелері шешілмей отырған ауылдар да бар. Біз сол ауылдық округтегі тұрғындарға қалайда жағдай жасаудың амалын ойластыруымыз маңызды. Оңды-солды шашпай, өзекті мәселелерді бірінші орынға қойсақ, ұтарымыз көп болады, -деді өз сөзінде аудан әкімі Альберт Есалиев.

Жоғарыда аталған ауылдық округтерде өткен жылы ауқымы кең атқарылған істер аз емес. Мәселен, түлектердің демеушілігімен ауыз толтырып айтарлықтай жобалар жүзеге асты. Әрине, бұл істердің бәрі ауылдың дамуына, халықтың тұрақтануына жағдай туғызылса, сондай-ақ аға-буынның жолын өскелең ұрпақ жалғастыруды мақсат етуде.

Жұлдыз АСҚАР