21.01.2020, 11:44
Қараулар: 184
ОКРУГ ӘКІМДЕРІ ЕСЕП БЕРУДЕ

ОКРУГ ӘКІМДЕРІ ЕСЕП БЕРУДЕ

17 қаңтар күні Ақпәтер, Қайыңды, Болашақ ауылдық округтерінің әкімдері халық алдында есеп беру жиыны өтті. Есеп берген округ әкімдері Нұрхат Болаев, Сәкен Ищанов, Досжан Ахметов 2019 жылы атқарылған жұмыстарды хабарлап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Округтердегі атқарылған істерге тоқталсақ, Ақпәтер округінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында 1989 жылғы мектеп түлектер мектеп алдына жарықтандыру жұмыстарын жүргізсе, ауыл азаматы, кәсіпкер Самат Хасанов өз қаражатына ФАП салып берді.
Қайыңды ауылында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы шеңберінде 6 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған. 3 адам «Бизнес-бастау» бағдарламасы арқылы кәсіби білім алып, 1 аспаз, 2 тігінші, 1 электрик, 2 дәнекерлеуші, 1 кондитер, 1 құс шаруашылығы, 1 фото түсіріліммен жұмыстанып келеді.
Болашақ округінде «Рухани жанғыру» аясында ауыл жастарының әр жылдары мектеп бітірген түлектерінің демеушілігімен «Менің сүйікті ауылым Болашақ», 2014 жылы бітірген мектеп түлектері ауылдың кіре-берісіне «БОЛАШАҚ» атты композициялар орнатқан. Жаңатаң ауылының 1994 жылы бітірген мектеп түлектері ауылда шағын балалар ойын алаңын салды. Мирон негізгі мектебінің 2009 жылы бітірген түлектері Жаңатаң ауылының кіреберіс бағытына «ЖАҢАТАҢ ауылы», Ақкурай ауылы тұрғындарының демеушілігімен «Туған жерім — АҚКУРАЙ» композициялары және Ақкурай ауылының зираты коршалды. Көпкүтір ауылының тұрғындары «Көпкүтір ауылы» композициясын жаңартқан.
Жиында Ақпәтер ауылының тұрғындары электр сымдарының тозығы жеткендігі, «Қазпошта» қызметі, ауыл ішін жарықтандыру, күл-қоқыстарды шығару мәселелерін алға тартса, қайыңдылықтар емделу үшін берілетін квоталардың уақтылы берілмейтіндігі, шекаралы аймаққа рұқсат туралы анықтама алу, мал терісін өткізетін орынның жоқтығын тілге тиек етті. Болашақ ауылының тұрғындары мал суару үшін техникалық су, дәрігер қажеттілігі, мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселелерді қозғады. Ауыл тұрғындарын мұқият тыңдаған аудан басшысы ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы айтып, аталған мәселелер біртіндеп шешілетіндігін жеткізді.