21.01.2020, 11:41
Қараулар: 184
АРДЫ ОЙЛАҒАН АЗАМАТ

АРДЫ ОЙЛАҒАН АЗАМАТ

18 қаңтар күні аудандық мәдениет үйінде Нәсіпқали Иманғалиұлының 70 жас мерейтойына арналған «Елі үшін туған ер» атты ұлықтау кеші өтті. Кеште қонақтарға Нәсіпқали Иманғалиевтің өмір жолы туралы бейнежазба ұсынылды. Ауданымыздың білгір басшысы бола білген, өңіріміздің дамуына зор үлес қосқан, ауданның құрметті азаматы Нәсіпқали Иманғалиұлын аудан әкімі Альберт Есалиев мерейтойымен құттықтап, шапан жауып, алғысхат табыс етті.

Өткеннің аманатын, бүгіннің салауатты істерін саралайтын, алдыңғы толқын ағалардың жүріп өткен жолын кейінгілер бағалайтындай тәлімдік-танымдық кеште қызметтес болған Рахметолла Сүйірбаев, Мүсір Айтасов, Балғаным Кәкімова, Сырым ауданынан арнайы келген Төлеген Абулхайыров ағаларымыз сахна төріне шығып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Мерейтойдың мерейін асырып, қуанышты бөліскелі келген Сағынгерей Қадошев, Звайда Әкімалиева, Гүлзада Изимова, Қазбек Минеев, Исатай Абулхатин өткен күнге оралып, естеліктерімен бөлісті. Ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосқан қоғам қайраткері Нәсіпқали Иманғалиев: -Қандай лауазымда болсам да халқым үшін еңбек еттім. Еңбек жолымда біраз тер төктім. Міне, дәл бүгін еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Жерлестеріме, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — деді.

Кеште аудан көркемөнерпаздары әуелете ән шырқаса, «Қарлығаш» би ансамблі мың бұрала би биледі.

Диана БАҚСЫҚ