21.01.2020, 10:45
Қараулар: 150
ӨНЕР ИЕСІНЕ АРНАЛҒАН САЗДЫ КЕШ

ӨНЕР ИЕСІНЕ АРНАЛҒАН САЗДЫ КЕШ

Өнегелі өмірін өнер саласына арнаған, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға өнерлі әрі талантты шәкірттер тәрбиелеген Серік Қажымовтың туған күніне орай шәкірттері мен әріптестерінің қатысуымен 9 қаңтар күні Көктерек мәдениет үйінде концерт ұйымдастырылды. Серік Жасталапұлы Көктерек ауылында дүниеге келіп, 2013 жылдан бастап Көктерек ауылдық мәдениет үйінде мәдени шара ұйымдастырушы қызметін атқарып келеді.Концерт барысында кеш иесі жайында бейнекөрініс көрсетілді. Өнер саласында жүрген шәкірттері Думан Ташпенов, Мәулет Жұбатов, Мәди Сабыров, Мирлан Құспанов, Ерлан Аманжолов, Тілеухан Төлеуғалиев, Бауыржан Жұмабаев, Ақжол Молдашев, әріптесі Гаяз Мазгутов, Елжан Темірғалиев, жас әнші Айсезім Ермекқали 25 жыл отасқан жары Әсел Фатихқызы және қызы Іңкәр Жасталапова әсем әннен шашу шашса, қызы Инабат мың бұрала билеп, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, «Мәдениет саласының үздігі», сыныптасы Нұргүл Жұбатова Мира Шүйіншәлиеваның «Қауырсын гүл» шығармашылығынан үзінді оқыды.Кешті Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актері Жылқыбай Жұбатов жүргізді.

Концерттің ерекшелігі өнерпаздар вокалды аспаптармен жанды дауыста ретро әндерді орындады. Көрермендер өнерпаздарға қошеметтерін аямай, ұзақ уақыт қол соқты.

Кеш соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов алғысхат пен «Өнер саласының үздігі» төс белгісін кеудесіне тақты. Казталов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ернар Ғалымов сөз сөйлеп, Серік Қажымовты туған күнімен құттықтап, өнер жолында әлі де еңбектеніп, шәкірттеріңіз биік белестерді бағындыра берсін деп, тілектерін жеткізіп, алғысхат және естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар Көктерек ауылдық әкімі аппаратының бас маманы Бақытжан Есенғалиев концертті жоғары деңгейде ұйымдастырған өнерпаздарға алғыс білдіріп, кеш иесіне алғысхат табыс етті.
Концерт соңында Серік Қажымов құрмет көрсеткені үшін шәкірттері мен әріптестеріне, ауылдастарына ризашылығын білдірді.

Өз тілшіміз