21.01.2020, 10:35
Қараулар: 98
СЕНАТОРЛАР АУДАНЫМЫЗДА

СЕНАТОРЛАР АУДАНЫМЫЗДА

Ағымдағы жылдың 9 қаңтар күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев жұмыссапармен келді. Депутаттарды қарсылап алған Казталов ауданының әкімі Альберт Есалиев аудан тынысымен таныстырды.
Халық қалаулыларының алғашқы аралаған нысаны аудан орталығындағы №1 аудандық аурухана болды. Аурухана директорының уақытша міндетін атқарушы Ботагөз Ғұмарова депутаттарды аурухана жұмысымен таныстырып, кейбір өзекті мәселелерді де көлденең тартты. Басты мәселе – нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат тарту болып отыр. Сонымен қатар кадр тапшылығы. Айта кетуіміз керек, аурухана 1999 жылы пайдалануға беріліп, содан бері жөндеу көрмеген. Нысан жұмысымен танысқан депутаттар туындап отырған мәселені шешуге ықпал етуге уәде берді.
Мұнан кейін Сенат депутаттары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар тұрақты жұмыс, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу сияқты мәселелерін ортаға салды.
Биылғы жылы Бірік ауылдық округі 4-ші деңгелі бюджетке көшіп жатыр. Яғни, ауылдық округ әкімдері өз қазанына өзі иелік етіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруы тиіс. Осы орайда Сенат депутаттары Бірік ауылдық округінің орталығы Әжібай ауылында болып, округ әкімдігі аппаратының мамандарымен кездесті. Округ әкімі Батырхан Байғонақов округтегі салық түсімі туралы айтып, бұл бағыттағы жұмыс жоспарларын ортаға салды. Округ әкімін мұқият тыңдаған депутаттар салық түсімін көбейтіп, ауылға инвеститция тарту қажеттілігі туралы да айтып өтті. Сонымен бірге депутаттар округ әкімдігі аппараты мамандарының 4-ші деңгейлі бюджетке көшу кезінде туындайтын сұрақтарына жауап берді.

Қайра ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар