8.01.2020, 9:49
Қараулар: 118
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БАСЫЛЫМ

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БАСЫЛЫМ

Биыл алғашқы санының жарық көргеніне 90 жыл толғалы тұрған «Ауыл айнасы» газеті ауданның тарихи жылнамасы деп айтуға толық негіз бар. Дәуір лебімен «Колхоз жолы»,   «Коммунизм жолы»,  «Сарыөзен тынысы»,  бүгінде  «Ауыл айнасы» атауымен шығып келе  жатқан газет халықтың үні болуда. Газеттің шығу тарихында өзімнің азын- шоғын қолтаңбам қалғандықтан, білетін деректерді оқырмандармен бөлісуді жөн санадым. 1980 жылы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін мектепке жұмысқа орналасқан кезім. Қоныс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәнінен сабақ беремін. Бір күні мектепке аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Звайда Әкімалиева келіп, оқу-тәрбие жұмыстарымен танысқаннан кейін, маған: -Мектептегі барлық жүргізіліп жатқан шараларды аудандық газетке жазып тұр,- деп тапсырма берді. Не қиындығы бар, жазамын деп ойладым. Содан тілшілік «қызметім» басталып кетті. Бір өткен тәрбие сағатын мақала қылып редакцияға салып жібердім. Әлгі мақалам бір жұмадан кейін газетке жарияланды. Түгел өзгерген, тек жалпы мазмұны ғана қалған. Сол уақыттарда редакцияда Смағұл Абдрахов деген сыныптасым қызмет жасайтын. Кездесіп қалғанда сұраймын ғой: -Неге өзгерттіңдер? -деп. Ол айтады,- жазғаның мақала емес, газеттің өз стилі болады. Соған сай болу керек. Қаншама жерден жазғыш болсаң да редакция келген хаттарды қорытады, — деді. Сөйтіп алғашқы «сынақтан» өткен едім. Осылай анда-санда мектеп өмірінен газетке мақала жазып тұратын болдым.

1987жыл. Бұл кезде Саралжын ауылында мектеп директоры қызметінде едім. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахметолла Сүйербаевтың қабылдауына барасыз деген хабар келді. Қызметте бір  өзгеріс болатынын сезсем де газет жұмысына жібереді деген ой болмап еді. Өңіріміз емес, күллі республикаға іскерлігімен танылып үлгірген Р. Сүйербаев ағамыз: -Жассың, енді партия, кеңес қызметіне арласуың керек. Аудандық газеттің  бас редакторының орынбасары қызметіне барасың. Бұл қызмет партия өмірімен тығыз байланысты, қалғанын тағы көре жатамыз,-деді.
Сөйтіп мектеп өмірінен  кішігірім мақала жазуда қиналып қалатыныма қарамастан аудандық партия комитетінің органы саналатын газет редакторының орынбасары болып шыға келдім.

1987 жылдың 1 сәуірінен бастап, еңбек жолымдағы ең  ұмытылмас кезеңдер болып саналатын, осы салаға келгеніме ешуақытта өкінбейтін журналистік қызметім басталды. Ленин  көшесінің (қазіргі  Хаби Жақып) бойында орналасқан ескі баспаханада жұмасына үш рет газет  басылады. Баспаханада қызмет жасайтын 13 қызметкер газет шығаруды қолмен атқарады. Линотип машинасы арқылы қорғасынмен терілетін әріптер көп еңбекті қажет етсе, ол беттеліп, басуға жіберілетін. Адам денсаулығына зиян әрі қара бояу, маймен жұмыс жасаған  баспахана жұмысшыларының еңбегін қалай мақтасақ та жарасар. Сол кезеңде жұмыс жасаған Айман, Ақжүніс, Рая апалардың Гүлнәр, Фатиха сынды қарындастардың еңбегі бір төбе. Газеттің уақтылы шығуы үшін таңғы сағат 4-5- ке дейін жұмыс істейтін кездер болды. 2500 данамен тарайтын газет осы адамдардың  жанқиярлық еңбегі арқасында шығады.

Редакцияда 10-ға жуық қызметкерлер шығармашылық жұмыспен айналысты.
1991 жылға дейін редактор қызметін атқарған Зайдолла Қабдығалиев ағамыз өте жәйлі адам болды. Өмірден көргені мен түйгені көп аға маған ұстаз болды. Ол зейнетке шыққаннан кейін де отбасымызбен араласып, ақыл- кеңесін алып жүрдім.
Редакцияда жауапты хатшы болып қызмет жасаған Қабдығали Жақып ағамыз дүниеге журналист болып келген болар деп санайтын едік. Екі тілге бірдей қазақша да, орысша да еркін жазып, материалдары ешкімді  бейжай қалдырмайтын. Мамандығымен қатар аудан мәдениетіне де өлшеусіз үлес қосып кетті. Ал Смағұл Абдрахов та талантты журналист болды. Сол кездің өзіңде қағаз, қалам ұстамай ойын тікелей жазу машинкасына түсіретін. 90 жылдық тарихы бар газет көптеген талантты журналистерді шығарды десек артық  айтқандық болмас. Бүгінде еліміздің Бас газетінде қызмет істеп жүрген  Темір Құсайын, өңіріміздің белді журналистері «Ақжайық» арнасында абыройлы қызметтер атқарып жүрген Асланбек Ғұбашев, Гүлмира Тілеубаева және басқа да ақпарат саласында қызмет атқарып жүрген әріптестер осы редакциядан тәлім-тәжірибе  алды.
1987-1991 жылдары елімізде қым-қиғаш саяси оқиғалар болып жатқан кез еді. Қайта құру кезеңін ақпарат бетіне беру, бұрынғы әдістен арылу сияқты адам түсініп болмайтын мәселелерді жазу оңайға соққан жоқ. Райкомда күнде жиын. Бюро мәжілісі үйлестіру кеңесі, коммунистердің мінездемелерін жаңарту тағы басқа да толып жатқан мәселелерді газет бетіне ресми беру талаптары тұрды. Ал бұлар райкомның тексерілуімен ғана  газет бетіне жарияланатын. Райкомда ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып Нәсекен Табылдиев ағамыз қызмет жасады. Білімді, журналистикадан мол хабары бар аға жоғарыда айтқан мәселелерді (біз жазған) қара сия құйған қаламсабымен быт-шыт қылып сызып, түзеп тастайды. Мақсат-эмоцияға беріліп, артық жазған сөздеріміз газет бетіне  кетіп қалмау керек. Бұндайлар кетіп жатса, басымыздан сипамайтынан жақсы білеміз. Сондықтан бұған сақтықпен қарайтынбыз.

Сол кездегі газет беттерін бүгінде ашып, саралаған кезде «қызық» жазған екенбіз деп таңданамын. Ресми материалдар емес, басқа да тақырыптарға арналған материалдардың өз «қызықтары»  болатын. Жұмысына 4 беттен 3 рет  газет (16) бет шығару үшін материал көп  қажет етіледі. Сонда мына бір әдісті (барлық газетте де)  пайдаланушы едік. Ауданымыз ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан малшы- шопандар еңбегі газет бетінде көп көрініс табушы еді. Көктем айы өтіп, мал төлдеп болғаннан кейін аудан малшы- шопандарының кімнің қандай төл алғаны, социалистік жарысты орындағаны туралы арнайы мәлімет беріледі. Сол мәлімет жыл бойы газеттің  шығатын 156 санына «азық»  болады. Материал жетпей жатса, сол мәліметтен бір малшының көрсеткішін аламыз да жазып жібереміз. Кейде өмір болғасын қателік те болып жатады. Бірде бір шаруашылықтың малшысы туралы күз айында мақала жазылды. Газетке үлгірту үшін шаруашылықпен хабарласпай жазыла салды.
Мақалада «Пәленбай малшы бағымындағы өгізшелердің қоңын жақсартып, салмаққа салмақ қосып, қатал қысқа мұқият дайындықпен келуде. Сөйтіп ол малшы еселі еңбегімен КПСС Орталық Комитеті Пленумы қойған міндеттерді орындап келеді… » — деп жазылған. Бір жұмадан кейін шаруашылықтан хабар келді. Малшы жаз айында дүниеден озып кеткен екен. Шаруашылық әкімшілігінен және малшының отбасынан кешірім сұрадық. Осы жағдайға партияның «қырағы көздері көрмеген болды ма, әлде кешіріммен қарады ма ешқандай шара қолданбады.

Газет — дәуір үні деп жиі айтамыз. Әр дәуірдің өзіндік талабы, міндеттері болады. Ал сол жолда еңбек еткен журналистер қауымын бүгінгі талаптармен салыстыра отырып, неге былай жазбаған? деп кінәлау орынсыз да сияқты. Газет сол кезде партия нұсқауларын орындап, өз миссиясын атқарды  деп санаймын.

Бұл мақалада газеттің бір кезеңіне ғана тоқталдым. 90 жылдық тарихы бар газет, қызмет істеген журналистер туралы жазу үлкен еңбекке тұрарлық дүние деп есептеймін. Сондықтан газет тарихын жақсы білетін аға- апаларымыз бұл жылнаманы әрі қарай  жалғастырады деп сенемін.

 

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі