15.03.2019, 12:13
Қараулар: 133
«КӨРІСУ АЙТ — ЫНТЫМАҚ ПЕН БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ»

«КӨРІСУ АЙТ — ЫНТЫМАҚ ПЕН БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ»

14 наурыз — Көрісу күніне орай аудандық кітапханада «Көрісу айт — ынтымақ пен берекенің бастауы » атты мерекелік шара өтті.
Шарада сөз алған кітапхана директоры Гүлдана Дәулетова: -Бұл күні адамдар таңнан бастап үй аралап, үлкендерге сәлем беріп, бір-бірін амал мерекесімен құттықтайды. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді, -деді.
«Бауырсақ пати» тренингін өткізіп, қонақтарға көрісу туралы түрлі сауалдар қойылды.
Жұмажан Қиясов ағамыз: — Бұл мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Көшеміздің үлкені болғандықтан, ертемен тұрып келіндеріміз көрісе келген ағайындарға, көршілерге дастархан жаяды,-деп көрісу туралы ойын білдірді. Шарада «Нұрбалапан» балабақшасының тәрбиеленушісі Бахтияр Салаватов бата өлең оқып, кітапхана қызметкері Аян Айтмағанбетов қазақтың қара домбырасымен ән шырқаса, кітапханашы Ботагөз Айтмағанбетова мәнерлеп өлең оқыды.
Шарадан соң қадірлі қонақтарға ақтан ауыз тигізіп, дастархан жайылды.

Гауһар ӘДІЛЖАН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар