15.03.2019, 12:06
Қараулар: 12
«LATYN GRAFIKASYNA NEGIZDELGEN QAZAQ ÁLIPBIINIŃ EMLE EREJELERI» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

«LATYN GRAFIKASYNA NEGIZDELGEN QAZAQ ÁLIPBIINIŃ EMLE EREJELERI» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

12 наурыз күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде қазақ тілінің латын графикасына көшуі бойынша «Latyn grafıkasyna negizdelgen qazaq álipbıiniń emle erejeleri» атты семинар өтті. Семинар жұмысына БҚО тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс бөлімі басшысы Света Ғаниева, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, филология ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ғабит Хасанов, Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ләззат Есекенова, қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері және оқушылар мен мұғалімдер қатысты.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын құжат деп білеміз. Кемел келешекке бағдар болған ауқымды құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуі үшін қолға алынған бастамалардың бірі – латын әліпбиіне көшу. «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы санында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен мақұлданған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жарияланғандығы бәрімізге мәлім. Жаңа емле ережелері – қазақ жазуын, сол арқылы қазақ тілін реформалаудың басты тетігі. Одан бұрын да бұл емле ережелерінің жобасы халық арасында қызу талқыланды, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жаңа емле ережелерінде қандай өзгерістер бар? Бұл соңғы жоба ма?, — деген сауалдарға жауаптар іздей отырып, алдағы уақытта жұмыс бабында осы Ережені басшылыққа алу мәселесін пысықтау үшін осы семинарды ұйымдастыруды жөн көрдік, — деген аудан әкімінің орынбасары семинарға қатысушы қонақтарды таныстырып, сөз кезегін ұсынды.
БҚО тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс бөлімі басшысы Света Ғаниева: — «Маңызды құжатта ерекшеліктер мен жаңашылдық жетерлік. Ұлттық комиссия мақұлдаған жаңа емле ереже 9 тарау мен 307 параграфтан тұрады. Осы нұсқа орфографиялық нормаларды тұрақтандырумен қатар, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын қағидалар нақты көрсетілген», — деп латын әліпбиінің кезең-кезең бойынша көшу жұмыстарына тоқталып, «Еlatyn» сайтын пайдалануға кеңес берді.
— Латын қарпіне көшу тіл тазалығын қалыптастыруға жол ашпақ. Бүгінде жаңа әліпбидің ерекшелігін ескеріп, жасалған емле ереженің жобасы дайын. Бірақ әлі де ел деңгейінде талқылау жүруде. Бүгінде жаңа әліпби 32 әріптен тұрса, оның ішінде төл таңбаларымызға басымдық берілген. Сонымен қатар жаңа әліпбиде дыбыс үндестігі, орфография, орфоэпия, біріккен сөздер мен кіріккен сөздерге қатысты ережелерге көптеген өзгерістер енгізілді. Өйткені, бұрынғы ереже басқа тілдің қарпіне негізделгендіктен, қазақ тілінің әуезділігі, табиғи қалпы айтарлықтай бұзылған. Мәселен, кириллицадағы жіңішкелік белгісімен жазылатын халықаралық терминдер енді қазақша «і» әрпімен жазылмақ. Мысалы, «ансамбль» сөзі алдағы уақытта «әнсәмбіл» деп оқылады. Ғалымдардың өздері де «осындай қадам арқылы тіліміздің төл заңдылықтарын қалыпқа келтіру керек» деген пікірді қуаттап отыр, — деді филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов. Сондай-ақ түрлі мысалдар келтіре отырып, оқушылар үшін кеңінен түсінік жұмысын жүргізді.
Бір сағатқа созылған семинарда қатысушылар, өздерін мазалаған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мамандар осы уақытқа дейін естіліп жүрген латынға көшу мәселесінің анық-қанығына айтып, көңілдегі «қалай болар екен?» деген қара бұлтты сейілтті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.