15.03.2019, 12:00
Қараулар: 30
ТАЙ ЖАРЫСЫ ТАРТЫСТЫ ӨТТІ

ТАЙ ЖАРЫСЫ ТАРТЫСТЫ ӨТТІ

Халқымыздың дәстүрін ұлықтап, ер жігіттердің намысын қайраған тай жарысы мен аударыспақ бүгін, яғни 9 наурыз күні аудан орталығында ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шабандоздардың жеңіске деген құштарлықтарының ерекше екенін байқадық. Ұлттық спорттық жарыста сөз алған аудандық мəдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев, -Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз — өскелең ұрпаққа ұлттық спорт түрін насихаттау. Әркезде де ауыл балалары осы спорт түріне қызығушылық танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді,- деп, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі. 3 шақырымдық қашықтықта сынға түскен 10 шабандоздардың ішінен 3 орынды Нұрбол Самигуллин, 2 орынды Райымбек Самарханов, 1 орын Нұрдəулет Серіков алса, аударыспақ ойынынан 3 орын Нұрбол Самиғолла, 2 орынды Бексұлтан Қарабаев қанағат тұтса, 1 орынды Нұрлыбек Есболов қаншығасына байлады.
— «Ер қанаты – ат» дегендей, тақымы атқа тиген қазақ баласының күшті де шымыр болатыны белгілі. Атқа мінуді жастайымнан атам үйретті. Қазіргі күнде ат үйірмесіне қатысып жүрмін. Ат спортының жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол, — дейді жас шабандоз Нұрдəулет Серіков.

Қызықты тартыс соңында «Айбын» спорт клубының директоры Берік Рақымғалиев белсенділік танытып келген жас шабандоздарға ризашылығын білдіріп, алғысхаттар мен сыйлықтар табыс етті.

Жұлдыз АСҚАР