15.03.2019, 11:21
Қараулар: 89
ҚОСӨЗЕННІҢ БҰРЫМДЫЛАРЫ

ҚОСӨЗЕННІҢ БҰРЫМДЫЛАРЫ

Ақын Ақұштап Бақтыгереева бір сөзінде: «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан еді. Сол тәрізді ата-дәстүр,салт-ананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болмасын өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Әсіресе тірсегіне дейін төгіліп тұрған қос бұрым
қазақ қызына тән ерекше сұлулықтың символы. Аруларымыздың төл мерекесі қарсаңында ауданымыздың бұрымды бойжеткендері туралы жазуды жөн санадық.Қашан да сыры мен сымбаты өзгелерден дараланып тұратын қараөзендік арулар бұрымдарымен өзгеше. Айталық, мұндағы білім ұясындағы бұрымдылар салт-дәстүрді әлі күнге дейін саналарына тоқып, сақтап келеді. Яғни, шаш өсіру мектептегі қыз балалар үшін әдетке емес, әдепке
айналғандай. – Мектеп қабырғасынан қазақ қызына тән табиғилықты сақтауға мән береміз, – деген мектеп директорының сөзі жанымызға жылылық ұялатты.
– Қараөзен мектеп-лицейінде қыз бала тәрбиесінде аналардың, әжелердің ақыл-кеңестерін тыңдай тырып, шаш өсіру мен шаш күтіміне байланысты өнегелі шаралар үнемі өтеді. Қыз балаға қолаң шаш өсіруді, оны қос бұрым етіп өріп, бантик тағуды бірнеше жылдан бері басты назарда ұстап келеміз, – деп мектеп басшысы Мәншүк Ізбасарқызы мақтанышпен жеткізді.
Бәрінен бұрын ай дидарлы көріктеріне айрықша ажар берген қараөзендік аруларды айтқанда, ақын жырларына арқау болған қазақ қызының қолаң
шашы көз алдымызға еріксіз оралады.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? – деп Ұлы Абай жырлаған өлең жолдары осындай аруларға арналғандай. Бұл мектеп әу бастан-ақ қыздың көркі бұрымы деп бағалап келеді. Жақсы бастамаға
бір кездері осы мектепті басқарған Зәйлім Исатайқызының да қосқан үлесі мол. Қатып қалған
қағидаға бой сүйенбеді. Ұлттық құндылықты дәріптеді. Жаңартты. Жандандырды. Міне, сол кезден
бастап қазақи ұстаным, бұрым қою үрдісі Қараөзеннің қыздарында қалыптасып қалды.

– «Бұрымыңды кескенің – өмір жолыңды кескенің» деген ғибратты сөзді марқұм әжем ылғи айтып отыратын. Бір жасымнан бастап шашымды өсірдім.
Ата-анам да шашыма ерекше мән береді. Мектепте шашымызды өріп, бантигімізді тағып жүреміз, – дейді Қараөзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Фардана Амангелдіқызы. Бұрын әжелеріміз бұрым – сұлулықтың сәні деп қыз баланың шашын қимаған,
керісінше, оны тобығына дейін өсіруге айрықша мән беріп, қос бұрымды тау басынан құлаған бұлақтай дәріптеген. Мұның бәрі халқымыздың шашты ежелден өте қатты бағалағанын, қасиетін терең түсінгенін көрсетеді. Ал қазір ше? Меңзипа әженің айтарына құлақ түрдік. – Үлкендерден «Шашты
қиюға болмайды, оның киесі бар» дегенді жиі еститін едік. Бұрымға байланысты «Шашыңды отқа
тастама», «Шашыңды жайма», «Шашыңды қима» деген тыйымдарды жиі айтып отыратын. Ертеректе шашты жайып жүруді білмедік. Қыз бала болғасын әжеміз
тас қылып екі жаққа өріп, көз тимеу үшін шолпы тағып қоятын.Қазір осы дәстүр біртіндеп қайта жанданып келеді. Әрбір әже үйдегі немерелеріне қазақ
қызының сұлулығының сырын айтып құлағына құйып отырса, бұрымды қыз-келіншектер қатары көбейер еді, – дейді жұлдыздық әжеміз. Кейбір әжелерімізді байқап қарасақ, әлі күнге дейін шашын жинап,бір қылын жерге түсірмей түйіп қояды. Тәрбиенің мықтылығын айтсаңызшы,түскен шаштарына дейін жинап жүреді.
Ал мына бір талдыапандық арудың арқасында төгіліп тұрған қос бұрымы ерекше көрік бергендей. Бар сән-салтанатымен, ажар-көркімен көз алдымызда қиылып тұр. Мың құбылған жібектей шаштың құпиясын білуге асықтық. Бұл аруда байырғы қазақ қызына тән сұлулықтың нәзік сыры жатқандай көрінді. Бұрымы тізесіне дейін төгіліп тұр. Мектепте оны ұстаздары, құрдастары «Бұрымды қыз» деп атайды екен. – Қазір
шашымның ұзындығы –124 см. Екі жасымнан бері қиған емеспін. Айтарлықтай арнайы күтінбеймін. Қарапайым сусабынмен жуамын. Анамның да шашы ұзын.
Шаш өсіріп, бұрым қойып қазақ қызы
деген атқа лайық болғым келді, – дейді 9-сынып оқушысы Аяулым Дарханқызы.

Шаш күтімі, өсіру, өру, оның өзі үлкен бір тәрбие мектебі. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген жолдар
қазақ халқының бұрымға мән бергенін айғақтаса керек. Шаш – әйелдерге Хауа Анамыз бен Бибі Фатима
анамыздан берілген Аллах Тағаланың ғажайып сыйы, құрметі, сәні, еншісі, сұлулығы. Әр қазақ қызының бойында осындай сұлулықтың сыр-сипаты тұнып
тұрса екен дейміз.

Жұлдыз АСҚАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар