15.03.2019, 11:17
Қараулар: 85
ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК БЕРУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК БЕРУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

4 наурыз күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында көпбалалы аналардың, жастардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов Азаматтардың кейбір санаттарын әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде брифинг өткізді.
-Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Азаматтардың кейбір санаттарын әлеуметтік қолдау шараларына өзгерістер енгізілуде. Бұл 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Кедейшілік шегін күнкөрініс деңгейінің (29698 теңге) 50 пайыздан 70 пайызға өсіру, әр балаға ай сайын 20789 теңге кепілдендірілген төлем, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының жалпы табысынан әлеуметтік жәрдемақыларды шегеру, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімін оңайлату, гранттар және шағын несие беру. Жаңа тәсілдің қолданыстағы жүйеден айырмашылығы — жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы шартымен, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыздан төмен отбасыларына ғана тағайындалады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің артықшылығы, бұдан былай кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын емес, 70 пайызын құрайтын болады. Мәселен, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін кедейшілік шегі 14849 теңгені құраса, 1 шілдеден кейін 20789 теңгені құрайды. Ал мүгедек баланы бағып-күткені үшін төленетін жәрдемақы мен бала жасынан 1-топ мүгедектерін бағып-күткен тұлғаларға төленетін жәрдемақы 1 шілдеге дейін 31183 теңге болса, 1 шілдеден кейін 41578 теңгеге артып отыр. Бұнымен қоса көпбалаы ауыл тұрғындарына жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. Егер де сіз көпбалалы ана не мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырсаңыз, үйіңізде отырып жұмысыңызды іске асыруға толық мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін ең бастысы – әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыру қажет. Еңбектенемін деген адамға мемлекет қашанда қолдау көрсетіп келеді. Ендеше, сол идеяларды сөзбен жеткізіп қана қоймай, нақты іспен дәлелдеу керек, -деді аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов.
Брифингте көпбалалы аналар төрт балаға берілетін жәрдемақыдағы енгізілетін өзгерістер жөнінде сауалдарын қойып, оған тұшымды жауаптар алды.

Әсем ХАЛИУЛЛИНА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар