15.03.2019, 11:09
Қараулар: 1
«ЖҮРЕГІМ ТОЛЫ МЕЙІРІМ»

«ЖҮРЕГІМ ТОЛЫ МЕЙІРІМ»

Айналамызда тағдырдың тауқыметіне табандылық танытып, қиындықтарға қарсы жүзген қаншама жаны жүдеу жандар бар десеңізші! Мен сондай жандардың жанарларына қарап мына бір нәрсені ұққандаймын. Олардың өмірге деген құлшыныстары мен махаббаттары шексіз ерекше. Бір жарық сәуле үміт сыйлап, сіз бен біз де жоқ қабілет пен қасиетті үйіп-төгіп бергендей. Бұдан бұрын жазып жүргеніміздей мүмкіндігі шектеулі жандардың бойларына дарыған таланттарын көріп, қайран қаласыз. Бүгінде көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан жандар қоғамнан тыс қалып жатпағанына қуанамыз. Қашанда бұндай жандарды 1 қазан – 1 қараша қайырымдылық айлығында ғана есімізге түсіріп, қолдау көрсететін едік. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Шашу» қайырымдылық шарасы аясында ақпан айынан бастап «Мейірімді көктем» акциясы бекітілген болатын.

Акция шеңберінде бүгін, яғни көктемнің алғашқы күні аудандық мәдениет үйінде «Күн нұрындай көңілім, жүрегім толы мейірім» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан сауапты іске аудан тұрғындарының біразы жиналды. Мәдениет үйінің дәлізінде бір-біріне қол алысып, құшақтасып, алғыстарын жаудырып жатырған бір жандар. Тіпті, шеңберленіп қойылған көрмелер көздің жауын алып барады. Көрмеде жаны жүдеу жандардың қолынан шыққан туындылары тізбектеліп тұр. Бұл күні барлық жандардың жанарларында жылылықтың лебі ғана сезілгендей. Біраз уақыттан соң, нағыз кештің өзі басталды. Басқалардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандардың жан тебірентер әндері барлығымыздың жүректерімізді жібітіп жіберді. Көрерменнің көңілі тек сахнада. Бірі қос ішекті күмбірлете қазақтың қара домбырасын тартса, бірі сыңғырлаған үндерімен ән шырқады. Сахнаға күлімсіреп шыққан аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Әсел Өтепқалиева «Егіз лебіз» әнін орындағанда көрерменнің ыстық-ықыласы мен қошеметі ерекше болғандай. Көрермен қолдарын шапалақтап соққан сайын, Әселдің жанарынан тек қуаныш байқадық. Әсел өзін әлдебір арманының жетегінде жүргендей сезінді-ау!

Шарада аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, аудандық саз мектебі, аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті, аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салып, қайырымдылық кешіне атсалысты. Кеш аяқталған соң, ұтыс ойыны басталды. Көрермендер асыға күткен бұл ойында мүмкіндігі шектеулі жандардың туындылары ұсынылды. Ұтыс ойынының алғашқы сыйлығын алған ауыл тұрғыны, зейнеткер Қымбат Малдыбаева: — Бүгінгі шарада бір демалып қалғандаймыз. Жақсы өтті. Мен қыс көрінісі бейнеленген картинаны алдым. Әдемі салынған. Нағыз суретшінің қолынан шыққан дүниені үйімнің төріне іліп қоямын, — деп қуанышын жеткізді.

-Қамкөңіл жандардың шеберліктеріне сөзіміз жоқ. Өте тамаша! Бүгінгі ұтыс ойынында 2 билет сатып алдық. Екеуі де ойнатылды. Керемет тоқылған дүниелерге ие болдық. Қоғамдағы басқа да адамдардан мейірім мен қайырым күтетін олар үшін бұл да бір мүмкіндік, қолдау деп білеміз, — дейді қос ұтыстың иелері, жас жұбайлар Роллан мен Гүлдария.

Қайырымдылық кешінде әр көрермен осы бір жандардың еңбектерін ерекше бағалап, қайырымды істің басы-қасынан табылды.

Жұлдыз АСҚАР