20.02.2019, 12:14
Қараулар: 101
«НӘРЕСТЕНІҢ БЕСІГІ – КЕҢ ДҮНИЕНІҢ ЕСІГІ» АТТЫ ШАРА ӨТТІ

«НӘРЕСТЕНІҢ БЕСІГІ – КЕҢ ДҮНИЕНІҢ ЕСІГІ» АТТЫ ШАРА ӨТТІ

15 ақпан күні Жалпақтал мәдениет үйінде «Шапағат» әжелер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен «Нәрестенің бесігі – кең дүниенің есігі» атты тақырыпта аз қамтылған немесе төмен отбасылардың арасында бесікке салу, тұсау кесу рәсімін ұлықтай отырып, демеушілік көрсету шарасы өтті. Шараға Марат Кенжеғалиевтың шаңырағында дүние есігін ашқын немересіне азан шақырып есімін қою, бесікке салу рәсімі оздырылды.
Шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді кейінгі ұрпаққа насихттау қажет екенін айтып:
-«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», – деген екен данышпан Төле би бабамыз. Бесік кең дүниенің есігі болса, сол бесікте жатқан сәби даңғырлаған еш тәлім-тәрбиесі жоқ шетел музыкасын тыңдап өссе, не болмақ? Осы тұста Бауыржан Момышұлының: «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқaмын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ», – деген сөзі еріксіз ойға оралады. «Жас балаға қазақтың «әлди-әлди» деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті», – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамасақ, ата-баба дәстүріне қиянат жасағанымыз. Келешек бүлдіршін жас буынымыз саналы болып өссін десек, қазірден бастап тәрбиені бесік жырынан бастағанымыз абзал. «Рухани жаңғырудың» да басы осы қасиетті бесігімізді қастерлеуден басталса құба-құп болар еді,-деген Ғалия Қабдолқызы сәбидің бауы берік болсын деп сый-сияпатын табыс етті.
Мұнан кейін Жалпақтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев сәбиге деген жылы лебізін білдіріп, құттықауын жеткізді. Жалпақтал мешітінің наиб-имамы Алтынбек Құбаев сәбиге азан шақырып есімін қойса, Галина әжеміз сәбиді бесікке салып, жөн-жоралғыларын жасады. «Шапағат» әжелер қоғамдық бірлестігі жетекшісі Баян Қабиеваның жетекшілігімен әжелеріміз қара өлең айтса, «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің кіші тобы қазақтың қара домбырасымен ән-жырдан шашу шашты. Сонымен қатар «Шапағат» әжелер бірлестігі жаңа туған сәбиге сый-сияпат жасады. Шара соңы мерекелік дастархан басында жалғасты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар