20.02.2019, 12:10
Қараулар: 21
ОРТАЛЫҚТА БАЛАЛАР ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ШЫҢДАЛУДА

ОРТАЛЫҚТА БАЛАЛАР ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ШЫҢДАЛУДА

Жаңа жылдың басында аудан орталығында оқушыларға жаңа технологияларды игерту, шығармашылықпен жұмыстануға бағыттау, мектеп бағдарламасындағы білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында аудандық балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығы өз қызметін бастаған еді. Ақпан айында іссапармен келген өңір басшысы Алтай Көлгінов орталықта болып, жұмыстарына оң бағасын берді. Орталықтың жұмыс барысымен оқырмандарымызға кеңірек таныстыру мақсатында біз де бас сұқтық.
Орталыққа кіре бергенімде қайнаған қызу тірліктің куәсі болдым.Шығармашылық орталыққа келетін оқушылардың саны — 780-ді құраса, олар 6 бағытпен жүргізілетін 20 үйірмеде қосымша білім алуда. IТ сыныбы (робототехника бағыты), жас бишілер үйірмесі, мүсін және қолөнер, ақындар, жас ақындар үйірмесі, тағысын тағы… IТ сыныбы (робототехника бағыты) үйрімесіндегі оқушылар заманауи түрдегі робот құрылғыларын құрастырып, қолдарын жаттықтыруда. Үйірме жетекшісі Сәрсенғали Өзенбаев: -Бүгінгі заман талабына сай робототехника үйірмесі жұмыс жасауда. Үйірмеге қатысатын барлық оқушылар робот құрылғыларын құрастыруды бастамас бұрын әуелі компьютер арқылы Еv3 бағдарламасын меңгеріп алып, содан кейін ғана құрастыруға кіріседі. Үйірмеге 4 топ бойынша 60 оқушы қатысады. Робототехникамен бірге конструктор, кубик, рубик және PlayStation ойындарын да үйретеміз. Көпшілігіміз компьютерлік бағдарламалауды күрделі деп ойлаймыз. Ал робот құрастыру арқылы қиын деген істі оңай етуге болады. Мұндай құрылғылар балалардың тереңірек ойлануына септігін тигізеді, -деді. Робототехника үйірмесіндегі құрылғыларды көріп, бүгінгі заман — жаһандану заман екендігіне тағы да көзім жетті.
Әуен еліткен жаққа қарай бет алып едім, ұлттық биді мың бұрала билеген жас бишілерге сүйсіндім… Иә, би өнері — адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер. Үйірмедегі болашақ бишілердің өркениеттің көшіне ілесер өнерлі болып шығарларына сенімім мол.
Шығармашылық орталықтағы тағы бір үйірме — ол мүсін және қолөнер. Үйірмеге қатысатын балақайлардың ерекше қабілетті, жалпы өнерге деген қызығушылықтарының жоғары екендігін сол жердегі жасаған туындыларынан-ақ байқауға болады. Үйірме жетекшісі Ринат Рысқалиев бізге мүсін өнерінің қыр-сырын әңгімелеп берді. -Мүсін өнері арқылы мүсінші адамның сырт пішінімен қатар ішкі жан дүниесін де жеткізе білуі тиіс. Егер балаларыңызды жастайынан өнерге баулытсаңыз, оның эстетикалық талғамы күшейіп, еңбексүйгіштік қасиеті де бірге дамиды. Барлығы да бала кезден басталады ғой. Тек соны әрі қарай дамытатын бірінші ата-ана болса, одан кейін ұстаздың ықпалында. Сондықтан бұндай өнерге ұстаздың атқаратын орны ерекше, -деді. Күні кеше ғана ашылған үйірме бүгінде жетістікке жетуде. «Күз көрінісі» атты республикалық интернет-байқауында қолөнер үйірмесінің мүшесі, Қазталов орта мектебінің 6 сынып оқушысы Диляра Дәуренова 3 орынға ие болса, мүсіндеу өнері үйірмесінің жетекшісі Ринат Рысқалиев I дәрежелі дипломмен марапатталған. Жетістік деп осыны айт! Ашылғанына бір ай ғана уақыт толса да жұмыс істеу қарқындары өте жоғары.
Орталықтағы қолөнер мен шебер қолдар үйірмесінде кесте тігіп отырған қос қызға көзім түсті. Әжелеріміз бен аналарымыздан жеткен өнерге қызығушылық танытатын қыздардың барына қуандым. Бұл өнер түрі адамға төзімділікті, сабырлылықты, ұқыптылықты қажет етеді. Міне, асыл қасиеттерді бойына сіңірген қазақтың ибалы да инабатты қаракөз қыздары қашан да көпке үлгі болып қала бермек. Ұлттық өнерді дамытып, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарды өз қолдарынан жасаса қандай жақсы. Сонда қазақтың қыз-келіншектері көшедегі бренд саналатын бұйымдарды сатып алуға әуестенбес еді.
Қолөнер бағытының ағашпен, фетрмен жұмыс жасау түрімен де жете таныстық. Үйірме жетекшісі Ақылбек Кеңесов ағашты күйдіру арқылы көркемдеп өңдеу әдісін оқушыларға түсіндіруде. Үйірмеге қатысатын оқушылар ағаштан түрлі бұйымдар мен жан-жануарлар бейнесін жасап жатыр екен. Үйірме жетекшісінің жұмысына табыс тілеп, әрі қарай кете бардым.
Басқа үйірмелерден өзіме ең жақын саналатын ол әрине, жас ақындар үйірмесі. Аты айтып тұрғандай ұлттық өнерді жас жеткіншектер арасында дәріптеуге бағытталған үйірменің бүгінгі тынысына терең үңілдім. Бұл үйірмеден жанарынан үйренсем-білсем деген жігерлі көзқарасы бар өрендерді көресің. Оқушылар «Туған жер» тақырыбында эссе жазып, туған ауылдарына деген сүйіспеншіліктерін шығарма арқылы жеткізуде. Жас ақындар үйірмесінің тағы бір ерекшелігі — «READx» жобасы аясында өзгелерді кітап оқуға шақыруға кеңес береді. Жас та болса ақындық өнерге деген ұмтылыстары жоғары, зеректігімен көзге түскен оқушыларды көріп қайран қалдым. Ел ертеңі -жастар қолында. Осындай талантты да дарынды жастар барда ел болашағының жарқын болары сөзсіз.
Осылайша орталықта атқарылған жұмыстарға тәнті болдым. Мұндағы тірлік таңның атысынан кештің батысына дейін қарбаласпен қайнап жатады екен.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген жасампаз істердің осы шығармашылық орталықта атқарылып жатырғанына көзім жетті. Бұл орталық тек оқушылардың шығармашылық шабыттарын шыңдап қана қоймай, болашаққа білікті маман иесін тәрбиелеуде. Былайша айтқанда орталықтың шығармашыл ұжымының тереңнен тербеп, қиядан қағып баптаған балалары заман талабына сай шыңдалуда. Болашақта аудандық балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығы шығармашылыққа жақын балалардың сүйікті орнына айналарына еш дау жоқ.

Әсем БОЛАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар