20.02.2019, 12:03
Қараулар: 93
Ауған ардагерлері ардақталды

Ауған ардагерлері ардақталды

«Өткенін ескермеген өшеді,
Өткенін қастерлеген өседі» — демекші Ауған соғысының аяқталуына 30 жыл толуына орай А.Оразбаева орта жалпы білім беретін мектебінде «Ерлік – елге мұра» атты Ауған ардагерлерімен сазды кездесу өтті. Мектепке бас сұққан Ауған ардагерлері мектеп мұражайымен танысып, фотокөрме бұрышына шолу жасады. Кездесуде: — Қазіргі күнде ауданымызда 12 ауған соғысының ардагері бар. Олар қаншама қиын кезеңдерді артқа тастап, ерліктің нағыз үлгісін көрсетіп, ортамызға аман-есен оралды. Бүгінде ауданның тыныс-тіршілігіне араласып отыр. Оларға деген құрмет шексіз. Ауған соғысының ардагерлері өскелең ұрпаққа үлгі болар аптал азаматтар. Сіздердің ерліктеріңіз, Отан алдындағы атқарған борыштарыңыз, жүріп өткен жолдарыңыз тарих беттеріне жазылатын алтын әріп деп білеміз, — деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев. Сонымен қатар аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы ауған жауынгерлерінің ерліктері еш ұмытылмайтынын және ұлтжанды сарбаздардың қайсарлықтары жас буынға мәңгі үлгі екенін жеткізді. Өскелең ұрпақтың сұрақтарына ауған соғысының ардагерлері патриоттық негізде жауап беріп, қазіргі бейбіт өмірдің жастары Тәуелсіз еліміздің нағыз жанашыры болулары міндетті деген пікірлерін айтты. Кездесу кезінде Ауған ардагерлері сол бір естен кетпес кезеңдерді еске түсіріп, біраз сыр ақтарып, соғыс жылдарындағы қиын кезеңдерді ой елегінен өткізді.
Кездесуде «Азамат» әскери-патриоттық үйірмесінің кіші топ ұл балалардың дефеле көрінісін қойса, басқа да мектеп оқушылары сұрапыл соғысты көзбен көрген жандарға өздерінің сауалдарын қойды. Бүгінгі Ауған ардагерлеріне арналған шаралар мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жұлдыз АСҚАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар