20.02.2019, 12:00
Қараулар: 97
АУҒАН АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

АУҒАН АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Күш-жігері мол, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Бұл соғыстың аяқталғанына 30 жыл болыпты. Дәл осы күні, яғни 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні. Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз болып қалмақ.

Осы орайда аудан әкімі Абат Шыныбеков ауған соғысының ардагерлерін қабылдады. Қабылдауда сөз алған аудан әкімі: — Бұл күн біздер үшін қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалса да тәуелсіз Қазақстанның әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербетіліп әрбір үйдің түтінінің түзу шыққанын тілейтін біздер үшін, санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек. Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі деп білеміз. Сіздердің бастарыңызға байлық, жанұяларыңызға амандық тілеймін, -деп, алғысхат пен естелік сыйлықтар табыстады.

1979-1989 жылдары Ауған соғысына аудан бойынша 51 сарбаз аттанса, күні бүгінде ауданымызда 12-ге жуық ауған соғысының ардагері тұрады.
— Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар күн! Әрине, бұл күн біз үшін – тарихи күн! Тағдырлы күн! Бұл күн – бақи болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн!, — деп ауған ардагерлері сол кездегі жанқиярлық сәтті еске алды. Сондай-ақ жүздесудің сәті түскенде Ауған ардагерлері көңілдеріндегі сауалдарын да айтты.

Жұлдыз АСҚАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар