20.02.2019, 11:46
Қараулар: 66
ЖАЗАР ТАҚЫРЫБЫҢДЫ ТЕРЕҢ БІЛГЕНДЕ…

ЖАЗАР ТАҚЫРЫБЫҢДЫ ТЕРЕҢ БІЛГЕНДЕ…

8 ақпан күні Теректі ауданында «Бас редакторлар клубының» кезекті мәжілісі болды. Мәжіліске белгілі публицист, тележурналист Қайнар Олжай қатысып, шеберлік сағатын өткізді. Облыстық, аудандық 14 басылымның редакторлары қатысқан мәжілісте Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов, — Тарихы бай Теректі өңірінде БАҚ өкілдерінің басқосуы біз үшін өте қуанышты жағдай. Сонымен қатар бүгінгі күнде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын көрсету, «Рухани жаңғыру» бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тағы басқа да игілікті істер облыстық, аудандық газеттерде көрініс тауып келеді. Міне, осы жұмыстарда қалам ұстаған сіздердің еңбектеріңіз жатыр, — деді. Мәжілісте «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай, аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев аудандық басылымдардың шығармашылық жұмыстары туралы хабарламалар жасады. Айта кету керек, аудандық газеттерде соңғы кезде ілгерушілік болғанмен де таптаурын ізден шыға алмаушылық әлі байқалуда. Газет қызметкерлерінің өзіндік ізденістер жасауға құлшыныстары төмендеу. Нәтижесінде келіп, газет беті жаттанды, тағы басқа да, оқырмандардың өзіне тартып алмайтын материалдармен толықтырылып шығу үрдісі бар. Ал бұның өзі бүгінгі күннің талаптарына сай келеді деп айту қиындау. Мәжілісте осындай және басқа да кемшіліктерді болдырмау мақсатында газет қызметкерлері заман ағымынан қалмай жұмыс жасауы тиіс деген талаптар қойылды.
«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов «Бас редакторлар клубының» кезекті мәжілісін қорытындылай келе барлық аудандық басылым редакторларына қойылып отырған міндеттерді орындауды нақты тапсырма ретінде жүктеді. Бұдан кейін публицист, тележурналист Қайнар Олжай журналистердің жазу шеберлігін арттыру үшін нені білу қажеттігін әңгімеледі. Осы редакторлармен болған ашық-жарқын жүздесуде журналист – ең бірінші көп оқу қажеттігін айтып өтті. Себебі қалам ұстаған журналист тақырыбын терең білмесе, ол мақала оқырманға жадау күйінде барады, — деген пікірін білдірді.
«Бас редакторлар клубының» мәжілісінде аудандық газеттер әртүрлі аталымдар бойынша марапатталса, аудандық «Ауыл айнасы» газеті «Аудандық басылымның әлеуметтік желідегі үздік парақшасы – 2018» аталымына ие болды. Ал бұл ауданымыздағы оқырмандардың ақпаратқа деген құлшыныстарының жоғары екендігін көрсетеді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар