20.02.2019, 11:37
Қараулар: 66
АУЫЛ – АЗАМАТЫМЕН АЖАРЛЫ

АУЫЛ – АЗАМАТЫМЕН АЖАРЛЫ

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдау керектігін атап өтті. Жалпы, «Рухани жаңғыру» президенттік бағдарламасы аясындағы «Туған жер» патриоттық жобасы әр түрлі бағыттарға ие екені белгілі. Соның үлкен бір саласы –«Туған жер» бағдарламасы қазақстандықтарды жаппай отансүйгіштікке баулиды. Осындай жанның бірі сарықұдықтық Нұрлыбай Жолдыбайұлы.
Сарықұдық ауылы күре жолдың бойында орналасқан 330 тұрғыны бар Талдыапан ауылдық округінің елді мекені. Тәуелсіздіктің іргетасы қаланған төрт-бес жылда жекешелендірудің кей жерлерде бей-берекетсіз жүргізілгенінен ауыл проблемасы туындап, Сарықұдық ауылы өз келбетінен айырыла бастады. Ауыл ыдырап, тұрғындар абдырап, сенделіп кетті. Бағыт-бағдарын жоғалтқан ауыл жұртшылығы мекендерін тастап, жаппай көшуді бастап кеп жіберді. Бірақта Нұрлыбайдай азамат ауылдың ірегіс сөгілгенін қош көрмей, ауылда қалуды жөн көрді. Ауылда жеке шаруашылығын құрып, мал басын асылдандыруды жөн көрді. Шаруасы оңынан туып, күре жолдың бойында орналасқан Сарықұдық ауылының іргесінен қазіргі заманға сай жолаушыларға арналған кафе салды.
Сарықұдық ауылындағы бұрыңғы медициналық пункт апатты жағдайда болып, ауданымызда алғашқылардың бірі болып өз қаражатына ауыл тұрғындарына шағын медициналық пунк салуды жөн көріп, 2016 жылы есігін айқара ашқан еді. Бүгінде бұл медициналық нысан заманауи тұрғыдан жабдықталған. Ем алушыларға барлық жағдай жасалған. Күндізгі стационарда екі керует, қабылдау бөлмесі, балалар бөлмесі және генекология бөлмесі бар.
-2016 жылы желтоқсан айында ашылған болатын. Нұрлыбай Жолдыбайұлы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында тарту етті. Бұған дейінгі медициналық пунктіміз апатты жағдайда болды, іші салқын болатын. Қазіргі таңда медициналық нысанымыз жақсы. Бүгінде Сарықұдық ауылында 330 адам тұрады. Оның 66-сы диспансерлік және 42 бала есепте болса, 4 жүкті әйел, бір жасқа дейінгі 4 бала бар. Жалпы ауылымызда ана мен бала өлімі жоқ. Нысанымызжақсы, жиһаз бәрі жаңартылған. Жалпақтал ауруханасынан арнайы мамандар келіп, ауылдың жағдайын біліп тұрады. Ауылдық округ әкімі Асқар Есқалиұлы елді мекендерді аралаған уақытта бізге келіп, тұрғындармен кездесіп тұрады. Ауызсуымыз бар, ендігі жерде ауылға көгілдір отын келсе керемет болар еді. Ауданымызда алғашқы болып, кереметтей медициналық нысан салғаны үшін Нұрлыбай Жолдыбайұлына алғысымызды айтамыз,-дейді Светлана Габдуллиан Сарықұдық медициналық пункттің медбикесі.

Бибігүл САДЫҚҚЫЗЫ, Сарықұдық ауылының тұрғыны:
-Медпункт жақсы, іші жылы. Медбикелердің қарауы да, емдеуі де, жалпы ауыл тұрығнадырмен қарым-қатынасы өте жақсы. Мен өзім созылмалы аурумен ауыратын еді. Қазір жағдайым жақсы. Светлана Нұғыманқызы тәжірибелі, көмегін аямайтын. Бұған дейін медпунтымыз апатты жағдайда болып, іші мұздай және ескі болатын. Нұрлыбай Жолдыбайұлы медициналық нысан салып бергені үшін ризашылығымды білдеремін. Қайда жүрсе де аман жүрсін. Елдің, ауылдың жағдайын ойлайтын азамат.

Сүйеу ӘБДІҒАЛИЕВ, Сарықұдық ауылының тұрғыны, зейнеткер:
-Медициналық нысанымыз өте ескі және салқын болды. Бұған дейін де уақытылы қаралып, емімізді алып жүрдік. Осыдан үш жыл бұрын Нұрлыбай баламыз ауылға жаңа медициналық нысан салып берген күні өте қуандық. Іші жылы, жарық, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазіргі таңда жағдайымыз жақсы. Дәрігерлеріміз барлық жағдайымызды жасап отыр. Осындай нысан салып берген Нұрлыбай баламызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Отбасына аманшылық, ісі өрге басып, шаруашылығы дами берсін.

Өмірлік қағидасын адалдықпен байланыстыратын Нұрлыбай жүрген ортасында сыйлы. Мақтауға лайықты адамдарға «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дейтін болсақ, сол азамат «осы Нұрлыбайдай-ақ болсын» дегенді жұрттан естіп жүрміз. Себебі, ол жұртқа жақсылық жасағанның болашағы да, жүзі де жарқын болатынын біледі. «Қолы ашықтың – жолы ашық» дейді дана жұртымыз. Ендеше, қолы ашық азаматтың жолы да ашық болғай, деп тілейміз.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар