20.02.2019, 11:24
Қараулар: 125
БАЛЫҚШЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

БАЛЫҚШЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

9 ақпан күні «Айбын» спорт клубы және аудандық балалар және жасөспірімдер туризмі орталығының ұйымдастыруымен аудан орталығы Қазталовта қысқы балық аулау жарысынан «Күміс шабақ – 2019» жарысы оздырылды.
Жыл сайын дәстүрге айналған бұл жарыстың мақсаты – өзен, көлдердегі балықтарды оттегімен қамтамасыз етіп, халықты қысқы спорт түрлеріне тартып, саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Аудан орталығынан 3 шақырым жерде орналасқан Сарыөзенде жалауын көтерген қысқы балық аулау сайысына Қазталов, Жалпақтал, Қайыңды, Бостандық, Тереңкөл, Бірік ауылдық округтерінен келген 35 спортшы өз бақтарын сынады. Арнайы дайындалған орында жарысқа қатысушыларға арнап қазан көтеріліп, ыстық шай берілді.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «Айбын» спорт клубының директоры Берік Рахымғалиев қатысушыларға құттықтау тілегін жеткізіп, сәттілік тіледі.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» — дегендей қысқы балық аулайтын құралдарын сақадай-сай дайындап келген спортшылар ойықтар ойып, балық аулауға кірісті.
Әрбір спортшыға жеребе арқылы балық аулайтын орыны беріліп, сайыстың ережесінен ең көп шабақ аулаған және ең үлкен шабақты қармағына қаптырған спортшы марапатқа ие болатыны белгілі болды. Мұз үстінде спортшылардың шыдамдылық пен шеберлігі сынға түсіп, 3 сағатқа созылған сайыс қызықты өтті. Нәтижесінде қазталовтық Амангелді Есенғалиев 3 орынды місе тұтса, жүлделі 2 орынға Телман Малаев ие болды. Ал 17 келі балық ұстап, барлық қатысушылардан озып шыққан Жалпақтал ауылының тұрғыны Дәулет Айтжанов 1 орынды жеңіп алды. Жүлдегер спортшылар жарыстың кубогы, алғысхаттар мен бағалай сыйлықтарды қанжығаларына байлады. Осы марапаттардан басқа «Ең үлкен балық» аталымына Болат Айдынғалиев, «Ең бірінші балық» аталымына Асылбек Газиуллин, «Жас спортшы» аталымына Сұлтанбек Газиуллин ие болса, «Ардагер спортшы» аталымымен Қайыңдыдан келген, 66 жасар Нариман Сариев ағамыз марапатталды. Жарыста белсенділік танытқан және алғаш қатысқан спортшыларымыз да құр қалмай, арнайы сыйлықтарды иеленді.

Қайрат ЖАҚЫП