13.02.2019, 11:29
Қараулар: 74
ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАРБАЛАС ШАҚ

ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАРБАЛАС ШАҚ

Қазір аудандағы төрт түлік мал 316 қыстақта бағылуда. Олардың барлығында да қолдағы малды қыстан аман алып шығудың мүмкіндіктері қарастырылған, пішендері қора бастарына артығымен жеткізілген, жемшөп қорынан тапшылық жоқ. Соның арқасы болса керек, жаңа жылдың алғашқы күндерінде қалың жауған қар, көз аштырмас боранда да сыр бермепті.
Сапарымызды аудан орталығынан шалғай жатқан Қарасу ауылдық округінен бастауды жөн көріп, мұндағы шаруалардың жағдайымен танысудың сәті түскен еді. Санзыбай Мұхамбетов 2008 жылы «Еламан» шаруа қожалығын құрып, бүгінде ел қатарлы еңбек етіп келеді.
-Шаруашылығымды 67 ірі қара, 150 бас қой-ешкі, 70 бас жылқы малы бар. Малдарымды өз төлі есебінен көбейтіп отырмын. Мал азығын молынан дайындадық. Бүгінде шаруалардың жағдайы жақсы,-дейді бізбен әңгімелескен «Еламан» шаруа қожалығының жетекшісі.
-Қыстақ қалыпты өтуде. Бүгінде округімізде 46 шаруа қожалық болса, сол шаруашылықтың қыстақтарында 5063 бас ірі қара, 9408 қой-ешкі, 1141 бас жылқы мен 31 түйе бар. Жылқы малы желтоқсан, қаңтар айларындағы қар аралас жаңбырдан кейін жылқы малы қолға алынып отыр. Округіміз мал азығынан тарықпайды деп отырмыз,-дейді округ әкімі Эдуард Ешмұханов.
Мұнан кейін біз сапарымызды, қыстақтың жайын білу мақсатында Ақжайық, Жаңақала аудандарымен шекаралас жатқан ауданымызға қарасты Талдыапан ауылдық округінде болды. Талдыапан ауылдық округіне қарасты 19 қыстақ бар екен. Талдыапан ауылдық округіне қарасты «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиевтың «Алма бағы», «Дарын» және «Бекбау» қыстағы бар екен. Әрине, айдың басындағы тәуліктеп жауған қар мен үдете соққан боранның мұнда келіп-кететін жолды бітеп, біраз әбігерге салғаны да жасырын емес. Бірақта шаруагер Дархан Аябалиев қолда бар техникасымен қыстақтар арасындағы жолдарды аршып, малшыларын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. «Асқар» шаруа қожалығының қыстақтарында күн сәулесінен қуат алатын заманауи генератор орнатылған.
–«Күннің жаманы кетеді…» депті ғой бұрынғылар, қазір ауа райы жылынуға бағыт ұстап тұрғаны мынау. Ертең-ақ қар жұқарып, қара шөптің басы ашылады, мал да бір уақыт жерге жайылып қалар. Бүгінде шаруашылығымды 600 бас ірі қара малы, 800 бас қой малы бар. Шаруашылықта үш қыстақ бар. Дегенмен де өткен қыстың қысып жібергені жасырын емес. Өткен қыста мал шығыны болған жоқ. Қыстың арты созылып, әрең шықтық. Биыл 3000 рулон мал азығын дайындадық. Осы шаруашылықты бір өзің дөңгелете алмайсың әрине. Қасымда інілерім мен шаруашылықтағы ағалардың арқасы деп есептеймін. Шөп шабу кезінде адал еңбек еткен Ибрагим Сатқанов, Талғат Мақсотов, Қайрат Қибатов секілді ағалардың еңбегі орасан зор. «Қыстың көзі қырауда» демекші қыстақтарға күннің боранына, жауын-шашынға қараймай жол ашып, күні-түні адал еңбек етіп келеді. Осы ағаларыма шексіз ризашылығымды білдіремін,-дейді шаруагер жігіт.
Талдыапан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бауыржан Үмбетқалиевтың айтуынша кешегі боранды күндері барлық қыстақтар мен елді-мекендерге жол ашылған. Округтегі 45 шаруа қожалығында 7444 мүйізді ірі қара малы, 16623 бас ұсақ мал, 1685 бас Қамбар ата түлегі мен 5 бас түйе малы бар.
-Округ жазғы мал азығын дайындау маусымында 12725 тонна мал азығы мен 130 центнер жем дайындадық. Сонымен қатар Нұржан Борашев есімді азамат ауылға арнайы келіп, арзан бағамен жем сатып тұрады. Шаруалар қорды артығымен жинап, мал азықтан тарықпайды деп отырмыз,-дейді бізбен әңгімелескен Бауыржан Үмбетқалиев.

Тұрарбек АҚМУРЗИН