13.02.2019, 11:20
Қараулар: 42
МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЗОР МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЗОР МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Мәдениет — өнердің мекені. Қарапайым ауылдың қара домалақ баласын шыңға шығарып, тәрбиелейтін де осы қара шаңырақ. Ауданымыз бойынша 1 аудандық, 15 ауылдық мәдениет үйлері және 22 клуб жұмыс жасайды. Осы орайда аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданымыздағы мәдени ошақтардың бүгінгі жұмыстарының жәй-жапсарымен танысу мақсатында ұжыммен бас қосқан болатын. Кездесуде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев мәдениет саласы бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, атқарылған істердің көрінісі көңілімізді қуантады. Дегенмен де кемшілік тұстарымызды да тізбектеп жазуымызға тура келіп отыр. Біздің көкейімізді қынжылтатын бір жәйт. Шындығы керек, кейбір ауылдық округтер мен елді мекендердің жұмыстарының жүйелілігі ақ қағазбен ғана шешіліп, мәдениет ошақтары «мазданып» тұрады. Яғни, құмырсқадай үйілген қыруар жұмыстың иесі келместің күнін кешпек. Жаздың жайдарлы күнінде әре-е-е-ң ашылатын тұтқалар, қыстың қақаған аязында тіптен қатып қалады. Күрең күзде сахнаның сиқы сүмелекке көмкеріліп, басына шыбындай «жармасып» жататынын да жасыруға болмас. Біздегі кейбір мәдениет үйлері мен клубтардың күйі осындай. Бұл көріністерді 1 жыл бұрын іссапар барысында көзімізбен көріп, «сыр сандығымызға» сақтап алдық. Әрине, барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Алайда өнердің айнасы саналатын мәдениет үйіне сызат түспесе дейміз. Таланттылардың табанын тоздырған киелі сахна жаңарып, жас өрендердің мекеніне айналса игі.

Қазіргі таңда қаражаттың тапшылығынан да көптеген мәдени ошақтардың тозығы жетіп, істен шығуда. Бұл орайда Қошанкөл, Талдыапан, Қайыңды, Қараөзен, Ақпәтер, Талдықұдық ауылдық округтеріндегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Басқа да өзекті мәселелерді айтатын болсақ, мәдени орталықтардағы жылыту қондырғыларын жөндеу, дыбыс құрылғыларын жаңарту, жарықтандыру жүйелерін қарастыру тағы да басқа жүйелі жұмыстар алдағы уақыттың еншісінде. Яғни, биылғы жылға жергілікті бюджет есебінен мәдениеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 24 млн. 607 мың теңге бөлінуде.
Кездесу барысында аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Ауылдағы мәдени ошақтарының бүгінгі жағдайына аса көңіл бөлуіміз керек. Сол себептен де өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді білу үшін сіздермен арнайы кездесіп отырмыз. Қандай жағдай болмасын сол жерден өсіп-өнетін өнерлі жас жаңа заман талабына бағытталу қажет. Материалдық жағдай деген сылтауды алға тартпай, ауыл жастарын қызықтыратындай түрлі жобалар мен байқауларды жиі ұйымдастыру қолға алынса, мәдениет саласының сапасы артары сөзсіз, -деп, мәдениет қызметкерлеріне зор міндеттерді жүктеді. Осы тарапта мәдениет үйінің мамандары бірқатар түйткілді мәселелерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жұлдыз АСҚАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар