13.02.2019, 11:09
Қараулар: 39
«ТЕНДЕРГЕ ТҮСКЕН КЕЛІНШЕК» — ҚАЗТАЛОВ САХНАСЫНДА

«ТЕНДЕРГЕ ТҮСКЕН КЕЛІНШЕК» — ҚАЗТАЛОВ САХНАСЫНДА

— Мынау сенің шайпау мінезін баламның түбіне жетті
— Мама, да вы что, я чём виновата? Анау сіздің балаңыз бар ғой…
— Қой-й-й, елбең-елбең етіп, мойнына асылған боларсың. Жалғызымның алғаны жардан қатты,- деген, сен-ақ айтқанынды жасатып болдың
— Енешка, біз әдейі істемедік, тек анау бір аялдамадағы адам болмаса…
Осы диалогтан басталған «Тендерге түскен келіншек» қойылымы көрерменді өзінің оқиға желісімен еліте түсті. Ене мен шожаң ұлдың әйелінің осы әңгімесі қыза түскенде отағасы Таубай үйге енді. Жалғыз ұлдың хабарын күтіп отқан екеу елең ете қалады, десе де жүзі сынық әкенің қолынан келер қайран болмағанын сезеді. Қай уақытта болмасын қу түлкі секілді қуақы, бар істі бас пайдасына шешетін «жағымпаз» тумалар болады емес пе?! Бұл қойылымда да сондай бір кейіпкер болады. Ол – отағасы Таубайдың інісі Жорабек. Жүзі сынық Таубайдың соңынан үйге енген Жорабек: — мәселенің шешімі – 100 мың доллар, — деп қақ төбеден мұздай су құйғандай болады. Ал енді отбасы не істемек? 100 мың долларды қайдан алмақ?
Бір ғана үміт көрерменнің көзіне көрінбейтін Таубайдың құрдасы болды. Алмақтың салмағы – бұрынғы ғашығы, Таубайдың әйелі Сағилаш. Осы бір 100 мың доллардың құны бірін-бірі шексіз сүйетін, ұл өсіріп, немере тәрбиелеп отырған Таубай мен Сағилаштың заңды некесін бұзды. Тар құрсағын кеңіткен ана да, ұрпағым деген әке де бұған келіседі. Нәтижесінде адам қағып өлтірген ұл бостандыққа шықса, бай көке өзінің бұрынғы ғашығына қол жеткізді. Ақшалының алдында бас идірген қу заман ұлым деген әкені барынан айрып, намыстан өзегін өртеп, «қайыршыға» айналдырды.
Осы бір қарапайым сюжетке құрылған қойылым көрерменнің көңілінен шықты. Адами құндылықтардың құны өзгеріп бара жатырғаны, параның бәсі жоғары тұрғаны, бай мен кедейдің өмірінің айырмасы тұп-тұра, қаз-қалпында жеткізіліп, қоғамның шынайы бет пердесін көрсетеді.
Бұл қойылымды көрермен назарына Бөрлі аудандық демалу орталығы жанынан құрылған халықтық «Мұрагер» театры ұсынды. Жандары жалғыз ұлдың үстінде деп білетін әке-шешенің рөлін театр әртістері Өтепберген Қарасаев пен Әсел Молдағалиева сомдаса, келін мен Жорабектің образдарын Зәуре Ерғалиева мен Айболат Кәкенов жеткізді. Драманы музыкамен, жарықпен Ержан Зинеденов әрледі.
Қойылым соңында аудандық мәдениет үйінің директорының міндетін атқарушы Өтеген Шоқпанов сөз алып, келген ұжымға аудандық мәдениет, тілдерді басқару, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиевтің атынан алғысхат табыстады.

Гүлнұр ҚАЗБЕК