13.02.2019, 9:54
Қараулар: 57
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

6 ақпан күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов пен Артур Платонов іссапармен келді.
Депутаттарды қарсылап алған аудан әкімі Абат Шыныбеков оларды «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы салынған коммуналдық-жалдамалы 22 үйге бастап барды. Жаңа үйдің бірінде тұратын жас маман Әсем Бекжанованың шаңырағында болған депутаттар пәтердің сапасына оң бағаларын берді. Айта кетуіміз керек, бұл үйлердің құрылысына облыстық бюджеттен 166 млн. 355 мың. теңге қаражат бөлінген болатын. Былтырғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған екі қабатты 12 пәтері бар тұрғын үй Жалпақтал ауылында да пайдалануға берілген болатын. Ол үйдің құрылысына 112,6 млн. теңге қаражат жұмсалған. Осы бағдарлама аясында биылғы жылы Қазталов және Жалпақтал ауылдарында 12 пәтерлі 2 үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Бұдан соң Мәжіліс депутаттары «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде аудан жастарымен кездесті. Биылғы жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп белгілеген болатын. Осыған орай ауданымыздың әртүрлі саласында қызмет жасап жатырған жастармен кездескен депутаттар олардың сұрақтарына жауаптар беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жастар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, осы бағдарламамен үй алу үшін бухгалтер, полиция, өрт сөндіруші, журналист сияқты қажетті мамандықтарды қосу және «Жастар жылында» жастарға арнап баспана салуды ұсынды.
Халық қалаулылары сапарында аудан орталығындағы жаңадан жабдықталған балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған орталықтағы 20 үйірмеге 780 оқушы қатысады. Мектеп оқушыларын жаңа технологияларды игертуге, шығармашылықпен шұғылдануға баулитын орталықта қолданбалы өнер, интеллектуалдық ойындар, ғылыми-техникалық, IT сыныбы, би және басқа да үйірмелер жұмыс жасайды.
Ауданымызда былтырығы жылы қолданысқа берілген нысандардың бірі – балалар саз мектебі болатын. Номиналдық қуаты 24 оқушыға арналған саз мектебінің құрылысына облыстық бюджет есебінен 87 млн. 615,9 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталды. Жаңадан салынған саз мектебіне бас сұққан депутаттар ұстаздармен кездесіп, үйірмелерге қатысатын оқушылардың өнерлерін тамашалады. Бұл саз мектебінде би, вокал, музыкалық аспаптарды үйрету сияқты 9 үйірме жұмыс жасайды.
Саз мектебінен кейін Мәжіліс депутаттары аудан орталығында 2017 жылы бой көтерген 100 орындық интернатта болып, нысанның жұмысымен танысты. Жаңа интернат құрылысына облыстық бюджет есебінен 286 млн. 485 мың. теңге бөлініп, екі қабатты нысан сапалы да бүгінгі заманға сай салынған. Бүгінгі күнде интернатта 60 бала жатып, оқуда.
Мәжіліс депутатары аудан орталығында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған аудандық музейде болып, аудан тарихынан сыр шертетін музей экспонаттарымен танысты.
Ауданымызда атқарылып жатырған ауқымды жұмыстарды өз көздерімен көрген халық қалаулылары аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, Жәнібек ауданына сапар шекті.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар