5.02.2019, 11:30
Қараулар: 58
ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАСТАРҒА ЖАҢА ЖОЛ АШПАҚ

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАСТАРҒА ЖАҢА ЖОЛ АШПАҚ

Елімізде халықты жұмыспен қамту, сол арқылы олардың тұрмысын жоғары деңгейге көтеру — басты міндет болып табылуда. Бұл орайда Елбасымыздың халыққа арналған Жолдауларында айтылып, тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр. Ауданымызда да халықты жұмыспен қамтуда іргелі істер атқарылуда. Осыған орай аталмыш мәселеге байланысты атқарылып жатырған жұмыстардың жәйін білу мақсатында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Артур Берденовті сөзге тартқан болатынбыз.
-Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Елбасының жастарды ерекше атауының өзі жастардың бойында жауапкершілікті арттырады. Осы тұста халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы»іске асырылуда. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» аясында ауданымызда 151 адамды оқыту жоспарланған болатын. Олардың басым көпшілігі шаштараз, аспазшы, әлеуметтік қызметкер, іс-жүргізуші, бала күтуші, компьютерді программалау,есепші мамандықтарын игерсе, қалғаны электр слесары, от жағу қазандығының операторы, кондитер және тракторшы мамандықтарын меңгерген болатын. Жыл басынан күні бүгінге дейін үш айлық мерзімді курсты 169 адам сәтті аяқтады. Осыған орай ауданымызда жұмыссыздар саны азайып, бірінші кезекте оқып келген азаматтардың жұмысқа орналасуы жоғары деңгейде. Жоғарыда көрсетілгендей курсты 169 адам оқыса, соның 111-і жұмысқа орналасып, көрсеткіш 65,5 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта оқыту шеңбері бір ай және үш ай мерзімінде «Орал оқу орталығы, Андас, ЮлАнИл, және Жалпақтал салалық аграрлық технология колледждерінде» 180 адамды оқыту жоспарда тұр. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» курсын 164 адам оқыса, оның 73-і несие алып отыр. Өткен жылы 110 адам несие алса соның 23-і жастар. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты — халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы, еңбек нарығын дамыту. Өткен жылы жастар тәжірибесі аясында 109 жас түлектер мамандықтары бойынша 6 ай мерзімге мекемелерге және кәсіпорындарға жұмысқа жолданса, күні бүгін 39 жас тұрақты жұмысқа орналасып, өз жұмыстарын атқаруда. Биылғы жылда да еңбек етемін деген жастарға көп қолдау көрсетілуде. Жастар жылында» біздің орталық тарапынан жалпы 4 грант бөлінсе, оның 2-еуі жастарға арналып отыр. Кәсібімді ашып, жұмыс жасаймын деген жастарға зор мүмкіндіктер берілуде. Тек бір өкініштісі, кәсіптік оқуға бағытталған жастардың жартысы дерлік механизатор, дәнекерлеуші сынды мамандықты игеруден қашып жатады. Алайда осы мамандықтардың қазіргі күнде таптырмай жататынын көріп жүрміз. Биылғы «Жастар жылында» тепсе темір үзетін қайратты да қайсар жастарымыз осы мамандыққа қарай бетбұрса нұр үстіне нұр, -деп сөзін аяқтады.
Иә, көп жастарымыз ауылда жұмыс жоқ деген сылтаумен шаруадан оңай құтыла салады. Бір сөзбен айтсақ, тырбынып еңбек еткен адамға мемлекет сенім білдіріп, қанатының астына алуда. Тек еңбектенген адам ғана табысқа кенеледі. Осы орайда баршамызға белгілі биылғы жылы 600 орындықты Алма Оразбаева орта мектебі салыну жоспарда тұр. Осы мектептің құрылысына даладан құрылысшы іздемей-ақ, кәсіптік оқуды меңгерген ауылдағы жұмысшыларымыз тартылса, жұмыссыздық деңгейі тағы бір сатыға азаяды деп есептеймін. Былайша айтқанда аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы биылғы жылда жастарға жаңа жол ашып, мүмкіндіктер туғызуда. Жастарымыз тек сол мүмкіндікті жіберіп алмай, пайдаға асырса болғаны.
Ел ертеңі — тәрбиелі жастар мен білімді ұрпақ қолында. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақ өз Отанын даму жолында аянбай тер төгіп, жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек етсе — еліміз одан әрі дамып, нығаяры сөзсіз.
Әсем БОЛАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар