5.02.2019, 11:16
Қараулар: 81
ҚАРЛЫ ҚОШАНКӨЛ МЕН ҚАРАОБАДАН АРНАЙЫ РЕПОРТАЖ

ҚАРЛЫ ҚОШАНКӨЛ МЕН ҚАРАОБАДАН АРНАЙЫ РЕПОРТАЖ

30 қаңтар күні аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен бірге қар мол түсіп, қиындық туып отырған Қошанкөл, Қараоба ауылдық округтеріне барып, мал қыстатып отырған ағайынның жағдайымен таныстық.
Аудан орталығынан астымыздағы көлігімізді сақадай сайлап Қошанкөл мен Қараоба қайдасың?-деп жолға шықтық. Байқағанымыздай, орталықтан асқан сайын қар да қалыңдай түскендей. Алдымыздан қалың қарлы қыстың көріністері ашылып келеді. Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Ордабай ауылына жақындадық. Жол бойы тебіндеген жылқы үйірлеріне толы. Мақсатымыз – төрт түлік малдың жағдайы болған соң тоқтап, жылқылар табынын аралап көрдік. Далаға түскен қар қалың әрі қатты болғандықтан жылқы малына тебіндеу біраз қиындық туғызып тұр. Онымен қоса қар астындағы шөп те мардымсыз. Бірақ жылқылардың күйлері жаман емес сияқты. Сапарымызды әрмен қарай жалғап, округ орталығы Қошанкөлге жақындадық. Алдымыздағы күре жолды қар басқан екен. Дегенмен, ауылдың атқамінер азаматтары жол бойында жүр. Жалдап әкелген техниканы осы жолды аршуға жұмылдырып жатыр. Округ орталығына Көктеректің жанымен салған жол арқылы жеттік-ау.
Жұмысымызды Қошанкөл ауылының ақсақалы, «Рустам» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Биғалиев ағамыздың үйінен бастадық. Шаруашылықтарының негізі жылқы малы. Жылқылары көбіне далада жайылатындықтан, қолға ұстап отырған малдары да көп емес. Жақында ағамыз қарға жүретін «Снегоход» сатып алыпты. Аман-саулық сұрасқаннан кейін, Марат ағаны әңгімеге тарттық. – Біздің шаруашылықта 400 бас жылқы бар. Жақында арнайы техникамен жол салынғасын, жылқыларды Ащыөзек жағына айдап тастадық. Жұмасына екі рет барып қарап келеміз. Әзірге жылқының жағдайы жаман емес. Алды құлындап жатыр. Жылқыға бару үшін қарға жүретін техника сатып алдық. Бұндай техниканың пайдасы көп қой. Осы «снегоходпен» балам Рустам ауыл азаматтарына керек кезде көмектесіп тұрады. Ал енді биылғы қысқа келсек, аздап қиындық туғызып жатырғаны жасырын емес. Бірақ округімізде жағдай бір қалыпты ғой. Шүкір деп айтайық. Ел аман болсын!-деді. Марат ағамызбен қоштасып, көрші үйлерді аралап көрдік. Омар Касимов ақсақал мен Ерлан Хайдаровтың аулаларында шөп қоры жеткілікті. Азды-көпті қолдағы малдарын бағып отыр. Қыстақтың жағдайын сұрағанымызда: — Өздеріңіз көріп отырғандай малға азық жетеді. Құрама жемде сатып алып жатырмыз. Енді тек қыстың арты ұзамаса болды ғой,-деген жауап алдық. Қошанкөлдік ағайынның жағдайына қанныққаннан кейін «ЖарқынЖолҚұрылыс» мекемесінің К-700 тракторын алдымызға салып, Қараобаға жол тарттық. Қардың қалыңдығы шамамен 60-70 см болса, кейбір ойпаңдау жерлерде 1 метрге де жетіп қалады. Қардың қалыңдығы арнайы техникаға да қиындық туғызады екен. Екі сағат шамасында Қараобаға да жеттік. Қаймағы бұзылмаған ел қардың қиындығына мойымай, күнделікті тірліктерімен жүріп жатыр. Бізді қарсылап алған округ әкімі Арман Ғалымовтан ауылдың жағдайын туралы сұрадық. Ол,- Мал азығы әзірге жетіп жатыр, қыстақ бірқалыпты өтуде. Тек қатынас қиын демесек, әзірге жағдайымыз жаман емес,-деп ағынан жарылды. Сергей Хариполлаұлымен бірге қараобалық мал ұстап отырған ағайындарды аралауды бастадық. Қасымызға әкімдіктің жетекші маманы, мал дәрігері Өтеулі Сатқанов ілесіп, қыстақ жағдайымен таныстырды. Оның айтуынша, әзірге малдан шығын жоқ екен. Округте қандайда болмасын індет көзі анықталмаған. Бұлда көңілге үміт бергендей болды. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» демекші мал ұстап отырған ауыл тұрғындарын аралап, мал қыстату кезеңінің қалыпты екеніне көз жеткіздік. Зейнеткер Меңдіхан Танауовтың ауласына бас сұғып, ағамыздың малдарын жайлап жатырғанына тап болдық. Жем-шөп қорын молынан жинап алған бұл отбасында қыстың қиындығы байқалмайтындай. Тек даладағы жылқыларын үйге әкеліп бағып жатқаны болмаса. Жалғыз Меңдіхан ағамыз емес, ауыл тұрғыны Демеу Бекболатов, «Кеңдала» шаруа қожалығының жетекшісі Саламат Сармалаевтай азаматтар да даладағы жылқыларын үйлеріне әкеліп бағуда. Ал ауданымыздың ең шалғай орналасқан Еңбек елді мекенінен де жақсы хабар алдық. Бізбен Қараобада кезіккен осы ауылдың тұрғыны Нұрлыбай Айтқалиев Еңбек ауылында мал азығының жеткілікті, қыстақ жағдайы тұрақты екенін жеткізді.
Міне, осындай көріністерге көзімізбен көріп, шүкіршілік жасаған ағайындарға риза болдық. Алдағы ақпан айы жайма шуақты болсын!-деген тілегімізді білдіріп, елге қайттық.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар